Тікелей эфир

Шетел университеттеріне қалай тегін оқуға түсуге болады? Өзекті 6 сұраққа жауап

Қазақстандық жастар Әзербайжан, Беларусь, Мажарстан, Вьетнам, Қытай, Қырғызстан, Польша, Словакия және Тәжікстанда тегін оқи алады.

Қазақстандықтар "Болашақ" бағдарламасынан бөлек үкіметаралық гранттар аясында үздік шетелдік ЖОО-ларда тегін білім ала алады. Жыл сайын үкіметаралық келісімдер аясында Еуропа мен Азия елдерінде бакалавриатта, магистратурада және докторантурада тегін оқуға 500-ге жуық грант бөлінеді. Осы орайда Informburo үкіметаралық гранттар арқылы шетелде оқығысы келетін үміткерлерге қойылатын талаптар, қажет құжаттар мен іріктеу тәртібін түсіндіреді. 

№1. Үкіметаралық гранттар аясында қай елдерде оқуға болады?

Әзербайжан, Беларусь, Мажарстан, Вьетнам, Қытай, Қырғызстан, Польша, Словакия және Тәжікстан үкіметі қазақстандықтарға жыл сайын білім грантын бөледі. 

Мажарстан:

  • 250 грант: бакалавриат – 110 орын, бакалавриат+магистратура – 30 орын, магистратура – 90 орын, докторантура – 20 орын;
  • Оқу тілі – венгр, ағылшын, француз тілдері;
  • Құжат қабылдау: желтоқсан-қаңтар.

Қытай:

  • 150-ге дейін грант;
  • Оқу тілі – қытай, ағылшын;
  • Құжат қабылдау: қаңтар-ақпан.

Словакия:

  • 4 грант: магистратура – 2, докторантура – 2;
  • Оқу тілі – ағылшын, словак;
  • Құжат қабылдау: ақпан-наурыз.

Әзербайжан:

  • 10 грант: бакалавриат – 5, магистратура – 5 грант;
  • Оқу тілі – ағылшын, орыс, әзербайжан;
  • Құжат қабылдау: наурыз-сәуір.

Польша:

  • 11 грант: бакалавриат – 3, магистратура – 4 және докторантура – 4;
  • Оқу тілі – ағылшын, поляк;
  • Құжат қабылдау: наурыз-сәуір.

Тәжікстан:

  • 50 грант: бакалавриат – 40 орын, магистратура – 10 орын;
  • Оқу тілі – орыс тілі;
  • Құжат қабылдау: маусым соңына дейін.

Қырғызстан:

  • 5 грант: бакалавриат – 3 орын, магистратура – 2 орын;
  • Оқу тілі – орыс және қырғыз тілдері;
  • Құжат қабылдау: сәуір-мамыр.

Вьетнам:

  • 3 грант;
  • Оқу тілі – Вьетнам;
  • Құжат қабылдау: сәуір-мамыр.

№2. Грант қандай шығындарды өтейді?

Грант академиялық шығындарды, яғни оқу ақысын өтейді. Бірқатар елдер стипендия, жатақханада тұру, тіл курсын оқу ақысын да өтеуі мүмкін. Мысалы, Тәжікстан үкіметі тегін оқу, ай сайынғы стипендия (130-150 сомони), жатақханада тұру ақысын төлейді. Ал Мажарстан үкіметі оқу ақысын, венгр тілін үйрену, жатақханада тұру шығындарын өтейді және ай сайын стипендия төлейді. 


Оқи отырыңыз: "ҰБТ қажет емес". Мектеп түлектерінің шетелде оқуына 10 мүмкіндік


№3. Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

Блім туралы құжаттың орташа балы:

  • Бакалавриат – 5.0-4.0;
  • Магистратура – 3.0-4.0.

Ағылшын тілінде оқу үшін сертификаттар:

  • Бакалавриат – IELTS (9.0) кемінде 5.0; TOEFL (140) кемінде 40;
  • Магистратура – IELTS (9.0) кемінде 5.0; TOEFL (140) кемінде 50.

Қабылдаушы тарап тілдік оқудан өтуді ұсынған жағдайда шет тілін білетіндігін растайтын құжат талап етілмейді.

Іріктеу кезеңінде баллдары бірдей үміткерлерге келесі реттілікпен басымдық беріледі:

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • № 072/у нысанындағы медициналық анықтама ұсынған, тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімі жоқ бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  • көп балалы отбасылардан шыққан балалар;
  • кейінгі 2 жылда ауылда тұратын үміткерлер;
  • шетелдік оқу орнынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ сонда білім алушылар.

№4. Қандай құжаттар қажет?

Құжаттар пакеті мемлекеттік не орыс тілдерінде ұсынылады:

  • Қазақстан Республикасы азаматының сауалнамасы;
  • Жеке куәлік және төлқұжат.

Бакалавриат үшін білім туралы құжат:

  • Бітіруші сынып оқушысы – негізгі орта білім туралы, яғни 9 немесе 10-сынып үшін қосымша куәлік; білім алушының мәртебесі туралы анықтаманың көшірмесі; сол оқу жылының бірінші жартыжылдығындағы үлгерімі туралы орташа балын көрсете отырып табель немесе транскрипт;
  • Мектеп түлегі – қосымшасы бар орта білім туралы аттестат;
  • Колледж студенті – қосымшасы бар орта білім туралы аттестат немесе негізгі орта білім туралы куәлік; білім алушының мәртебесі туралы анықтаманың көшірмесі; сол оқу жылының бірінші жартыжылдығындағы үлгерімі туралы орташа балын көрсете отырып табель немесе транскрипт;
  • Колледж түлегі – арнайы орта білім туралы диплом қосымшасымен.

Магистратура үшін білім туралы құжат:

  • ЖОО түлегі – қосымшасы бар бакалавр/маман дипломы;
  • ЖОО бітіруші курс студенті – білім алушының мәртебесі туралы анықтама; сол оқу жылының бірінші жартыжылдығындағы үлгерімі туралы орташа балын көрсете отырып табель немесе транскрипт;

Докторантура үшін білім туралы құжат:

  • Магистратура түлегі – қосымшасы бар магистр дипломы;
  • Бітіруші курс магистрі – білім алушының мәртебесі туралы анықтама, сол оқу жылының бірінші жартыжылдығындағы үлгерімі туралы орташа балын көрсете отырып табель немесе транскрипт.

Қосымша құжаттар:

  • республикалық немесе халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысқаны үшін алған грамота, сертификат, диплом көшірмесі (бар болса);
  • 18 жасқа толмаған үміткерлердің заңды өкілінің шетелге оқуға жіберу туралы жазбаша келісімі;
  • баллдары тең түскенде басымдыққа ие болатын үміткерлер растайтын құжаттарын ұсынуы қажет;
  • шетелдік оқу орнынан шақыру көшірмесі (бар болса).

Оқи отырыңыз: "Болашақтан" басқа қандай бағдарламалармен шетелде тегін жоғары білім алуға болады? 


№5. Құжаттарды қайда өткізу керек?

Құжаттарды өткізудің екі жолы бар:

  • eGov арқылы онлайн;
  • Халықаралық бағдарламалар орталығына келіп қолма-қол тапсыру.

eGov арқылы порталда авторизациядан өтіп, "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз. Өтінімді толтырып, ЭЦҚ немесе смс-пароль арқылы қол қойыңыз. Жеке кабинетке конкурсқа қатысуға құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап келеді.

Халықаралық бағдарламалар орталығы құжаттарды қағаз папкада қабылдайды. Қағаз папканың мұқабасында үміткердің аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны, электронды поштасы, оқу елі, мамандық көрсетілген оқу орны жазылуы керек. Құжаттар 1 данада ұсынылады және толық болған жағдайда ғана қабылданады.

№6. Конкурстық іріктеу қалай өтеді?

Конкурстық іріктеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде тәуелсіз сараптама комиссия мүшелері үміткермен әңгімелеседі. Үміткерден мамандықты не үшін таңдағаны, теориялық білім мен жетістіктері, ойлау логикасының деңгейі, жеке қасиеттері, ситуациялық мәселелерді шешу дағдылары сұралады. Қорытынды комиссия әңгімелесуді бағалайды. Шет тілін білу деңгейі, білім туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесу қорытындысы бойынша жоғары балл алғандар үміткерлердің негізгі тізіміне кіреді. 

Екінші кезеңде қорытынды комиссия мүшелері шетелде оқуға үміткерлердің негізгі және резервтік тізімдерін бекітеді. Резервтік тізімдегі үміткерлердің саны бөлінген орындар санының 40 пайызынан аспауға тиіс. Білім беру гранттарын беру туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап, яғни білім грантын ұсынған мемлекет қабылдайды.  

Грант иегерлерінің тізімі қорытынды комиссияның отырысынан кейін екі күн ішінде bolashak.gov.kz сайтына жарияланады. Үміткер оқудан бас тартса грант резервте тұрған адамға беріледі.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары