Ұлытау облысының прокуратурасы мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.
Тексеру барысында 36 мемлекеттік қызметшінің, оның ішінде 10 басшының букмекерлік кеңселерде бәс тіккені белгілі болды. Атап айтқанда, олар Olimpbet және 1XBET платформаларын пайдаланған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған. Бұл шектеу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін сақтау мақсатында енгізілген. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде заң бұзған қызметкерлер жұмыстан босатылды", – делінген хабарламада.
Қадағалау органы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.