Алматы полициясы соңғы қоңырау қарсаңында мектеп түлектерінің ата-аналары мен ұстаздарына қауіпсіздікке қатысты үндеу жасады.
Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев бұл күндері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
Полиция өкілдерінің сөзіне қарағанда, жыл сайын мерекелік іс-шаралар кезінде бақылаудан шығып кететін жағдайлар кездеседі. Әсіресе коттедждерді жалға алу, алкогольдік ішімдік ішу, сондай-ақ автокөлікпен қауіпті серуен ұйымдастыру және "кортеждер" үлкен алаңдаушылық туғызады.
"Жасөспірімдер әсерлі бейнеролик түсіреміз деп жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзады. Мұндай әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін", – деді Тимур Ноғайбаев.
Полиция қызметкерлері соңғы қоңырау күндері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Дегенмен тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналар мен педагогтердің қолдауы маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналарға балаларды бақылаусыз қалдырмау, олардың автокөлікпен жүруіне жол бермеу және үнемі байланыста болу ұсынылды.
Қала полициясы тұрғындарды мектеп түлектерінің қауіпсіздігі үшін бірлесіп әрекет етуге шақырды.