Еліміздің заңнамасына сәйкес, кез келген ұтыс ойындары лотерея операторымен келісіліп жүргізілуі керек. Бұл туралы мәлімдеген мәжіліс депутаттары осы мәселеге тосқауыл қоюды сұрады.
2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды сан соқтырған. Биыл үш айда 475 факт тіркелген.
"Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді", – деді Amanat фракциясының мүшелері.
Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтарына 10 млн теңге айыппұл салынады. Заң жобасында қандай өзгерістер бар?
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттауды ұсынды.
"Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнатып, аңғал адамдардың ақшасын сыпырып алатын алаяқтарға да тосқауыл болмай тұр. Мұны өздері ГИВ деп атайды. Мәселен, соңғы уақытта әлеуметтік желіде 10 мың теңгеге билет сатып, халықты пәтер, автокөлік ұтысын ойнатуға үгіттейтіндер көп. Бұл – заңсыз әрекет, яғни алаяқтық қылмыс. Еліміздің заңнамасына сәйкес, кез келген ұтыс ойындары лотерея операторымен келісіліп жүргізілуі керек. Басқасының бәрі заңсыз", – деді депутаттар.