Қызылорда қаласының іргесіндегі Бәйтерек шағын ауданының тұрғындары биліктен балабақша сұрайды. Өйткені бес мыңнан астам отбасы тұратын жерде әлі күнге дейін бір де бір мектепке дейінгі білім беру мекемесі жоқ. Ал ата-аналар балаларымыз ел қатарлы бөбекжайларда тәрбиеленгенін қалайды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Бізге балабақша керек. Балаларымыз көк ала көк шаңда ойнайды. Одан қалды кесірткемен ойнайды, жыланмен ойнайды. Балабақшаға барса, дамитын еді. Ал қала мен шағын аудан арасы алыс. Оның үстіне мұнда жол мәселесі шешілмеген", – деді ата-ана Жеңіскүл Бақытжанқызы.
Сол себепті орталықтағы балабақшалар тасымалды сылтауратып бүлдіршіндерімізді қабылдаудан бас тартады деп ашынады ата-аналар.
"Бізге басқа балабақшаға бер деп айтылды. Басқа аудандағылармен сөйлессек, ол жақ бізге алыс екен. Бәрі шошиды", – деді ата-ана Набат Ерланқызы.
Оқи отырыңыз: 120 теңге: Алматы мәслихаты қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифін мақұлдады
Бөбекжай керек деген ата-аналар бұған дейін талай табалдырықты тоздырған. Бірақ жергілікті биліктің балаларымызға мүлдем жаны ашымайды деп ашулы. Ал жауаптылар шағын ауданда бөбекжай салу мәселесін әзірге тек жоспарлап қойыпты.
"Бәйтерек ауданы өздеріңізге белгілі жаңадан үлкейіп, кеңейіп жатқан аудандардың бірі. Мемлекет тарапынан балабақша салу мәселесі алдағы уақытта жоспарланады. Балабақшамен қамту бағытында қазіргі талапқа сәйкес типтік жобадағы балабақшалар салынған жағдайда оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бар, сол қағидаға сәйкес мемлекеттік тапсырысқа орналастыру мүмкіндігі болады", – деді Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.
Шағын ауданда жеке кәсіпкер өз қаражатымен бөбекжай ашқан. Бірақ мемлекеттен қолдау болмаған соң бір айдан соң жұмысын тоқтатқан.