Тікелей эфир

Алматы облысының тұрғындары жаз келгелі ауыз суға зәру

Жауапты адамдар құрғақ уәдеден ары аса алмай отыр. 

Алматы облысындағы Әйтей ауылының тұрғындары жаз келгелі суға зар болып отыр. Түнгі үште тұрып бар құтыны суға толтырған халық мәселенің шешілмегеніне ренжулі, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Тұрғындар түнде дайындаған құтыларына тіршілік нәрін толтырып, күндіз үнемдеуден шаршаған. Олардың айтуынша, жауапты адамдар құрғақ уәдеден ары аса алмай отыр. 

"Мына жазғы демалыста барлық нәрсені бітіретін кезде не құрылыс істей алмайсың, не басқа істей алмайсың, судың мәселесі осы. Бұл кісілердің үйлерінде су болатын болса, бұлай жиналмайды ғой", – деді Әйтей ауылының тұрғыны Бауыржан Серікқазыұлы.

Тұрғындардың айтуынша, үйлеріне екі жыл бұрын су есептегіш құралдар орнатылуы тиіс болған. Алайда, оның өзі жасалмаған. Ауылды сумен қамтамсыз етіп отырған компания қызметкері мұндай жағдайды кейбір ауыл адамдары ұтымды пайдаланып жатқанын жеткізді. 

"Біз ешқашан суды тоқтатпаймыз. Қазір 3 скважинамыз істеп тұр. Мүлде тоқтатпаймыз. Осы екі ай ғана мәселе болған шығар. Содан кейін 9 ай бойы дым мәселе жоқ. Енді су есептегіш құралды бастықтар шешеді. Оны күзден бастап қоятын шығар", – деді компания қызметкері Айсын Тілепбергенов.


Оқи отырыңыз: "Бір бұлақтан аң да, мал да, адам да су ішеді". Жамбыл облысында тұрғындар 30 жылдан бері ауыз суға зәру екенін айтты


Ауыл әкімінің айтуынша, сумен қамтамасыз ететін ірі жоба 2024 жылы қосылады.

"Қазір "Қаскелең су топтамасы деген" әкімшілік тарапынан үлкен жоба іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2024 жылдың екінші жарты жылдығында болады. Ол 5 ауылды сумен қамтиды. Қазіргі таңда қарасаңыздар, Жандосовтың үлкен трассаның бойына су келіп қалды", – деді Әйтей ауылдық округінің әкімі Жарқын Қатубаев.

Күн сайын су таппай қиналамыз деген жұрттың мәселесін ауыл әкімі ауданға барып қарастыратын болды. 

Серіктестер жаңалықтары