2024 жылдан бастап өз саласының дамуына елеулі үлес қосқан және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған жәрдемақыны тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және төлеуді тоқтату қағидаларының жобасын әзірледі.
Ал жәрдемақыны енгізу туралы заң жобасы ("ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңының жобасы шеңберінде заңнамалық түзетулер енгізу) әлі Сенаттың қарауында жатыр.
Әзірге белгілісі – кәсіптік әлеуметтік жәрдемақы азамат 55 жасқа толған уақыттан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін төленеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзгерістер мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау аясында енгізілгелі отыр. Сондай-ақ, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 84 754,8 млн теңге қаржы қарастырылатыны белгілі. Бұл соманы республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған.
Жәрдемақыны тағайындау қағидаларының жобасына сәйкес, ол проактивті түрде де, сондай-ақ жұмысшының өтініш беруі арқылы да жүзеге асырылады.
Өтініш беруші жардемақымен бір уақытта Бірынғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш бере алады.
Жәрдемақы мөлшерін есептеу кезінде ең төменгі күнкөріс мөлшері есепке алынады. Сәйкесінше, жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне байланысты өзгеріп отырады.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 14 желтоқсанға дейін.