2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Трамп БҰҰ мінберінде Қазақстанға не үшін алғыс айтты

Дональд Трамп. Фото: БҰҰ
Дональд Трамп. Фото: БҰҰ
АҚШ президенті БҰҰ сессиясында Қазақстанды екі рет атады.

АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында сөз сөйлеп, Иранның ядролық бағдарламасы, Газадағы соғыс, Украинадағы жағдай, жасанды интеллект және БҰҰ-ны реформалау мәселелеріне тоқталды. 

БҰҰ мінберінде 37 минутқа жуық сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы, Газадағы соғыс, Украинадағы жағдай, жасанды интеллект, БҰҰ реформасы, көші-қон және АҚШ-тың әлемдегі рөлі туралы айтты. Ол сондай-ақ Газаны қалпына келтіруге қаржы бөлген және өңірдегі тұрақтандыру жұмыстарына көмек ұсынған елдердің бірі ретінде Қазақстанды деп атап өтті. 

Иранмен келіссөз

Дональд Трамптың биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзі АҚШ-тың әлемдегі рөлін қалай көретінін көрсетуге арналды. Президент сөзінің басым бөлігінде өз әкімшілігінің саясатын қорғап, АҚШ-тың әскери, экономикалық және технологиялық қуатын атап өтті.

Алайда оның сөзіндегі негізгі сыртқы саяси тақырыптардың бірі – Иран болды. Трамп Иранды АҚШ пен халықаралық қауымдастық үшін басты қауіптердің бірі ретінде сипаттады.

Оның айтуынша, Вашингтон Тегеранға ядролық бағдарламасын тоқтату және терроризмді қолдаудан бас тарту үшін келісім жасауға мүмкіндік берген. Бірақ Иран бұл ұсыныстан бас тартқаннан кейін АҚШ әскери күш қолданған. Трамп қызметіне кіріскелі Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін бірнеше рет айтқанын еске салды.

АҚШ президенті Иранның ядролық бағдарламасына қарсы жүргізілген әскери операцияны да өз әкімшілігінің маңызды шешімдерінің бірі ретінде көрсетті. Оның сөзінше, операциядан кейін Иранның әскери инфрақұрылымы айтарлықтай әлсіреді.

"Иранға ешқашан ядролық қаруға қол жеткізуге жол бермеймін. Былтыр қызметке кіріскен бетте мен Иранмен дереу келіссөздер жасап, ядролық бағдарламасын және террорға қолдау көрсетуін тоқтатудың орнына оларға толық экономикалық ынтымақтастық ұсындым. Бірақ олар бас тартты. Бұл үлкен қателік болды. Содан кейін АҚШ армиясы арнайы операция кезінде олардың ядролық бағдарламасын жермен-жексен етті. Тағы да Иранды мәмілеге келуге шақырдым. Олар тағы да бас тартты", – деді АҚШ президенті.

Ол Иранның зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары бағдарламасына да тоқталып, Тегеранның Еуропаға жете алатын зымыран жасағанын айтты. Трамптың пайымынша, ядролық қару мен баллистикалық зымырандардың қатар дамуы халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

Дональд Трамп Иранмен келісім жасалмаса, елге қарсы одан әрі қатаң әскери әрекетке баруы мүмкін екенін ескертті. Ол Иранмен келісім жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. 

Ормуз бұғазы және мұнай

Трамп Иран мәселесін энергетикалық қауіпсіздікпен де байланыстырды. Ол АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалын қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Президенттің сөзінше, америкалық әскери кемелер соғыс басталғалы бері осы бағытпен миллиард баррельден астам мұнайды алып шығуға көмектескен.

Трамп Иранды коммерциялық кемелерге шабуыл жасады деп айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мұндай әрекеттерді айыптаған қарарын атап өтті. Ол халықаралық қауымдастықты Тегеранға экономикалық қысымды жалғастыруға шақырды.

Иранға байланысты мәселенің мұнай нарығына тікелей қатысы бар. Себебі Ормуз бұғазы – әлемдегі мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызды теңіз жолдарының бірі. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген ұзаққа созылған әскери шиеленіс энергия нарығына әсер етуі мүмкін.

Қазақстанға алғыс

Трамп Газадағы жағдайға да тоқталды. Ол бір жыл бұрын БҰҰ мінберінде сөйлеген кезде Газа соғысы жалғасып жатқанын, кепілге алынған адамдардың ХАМАС туннельдерінде отырғанын айтты. Келіссөздер нәтижесінде соғыс аяқталып, барлық кепілге алынған адам үйіне оралғанын атап өтті.

Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің өзінің 20 тармақтан тұратын Газа бейбітшілік жоспарын бірауыздан қолдағанын және "Бейбітшілік кеңесін" ресми түрде бекіткенін айтты. Трамптың сөзінше, бұл кеңеске 30-ға жуық мемлекет қосылған.

Трамп Газаны қалпына келтіру мен гуманитарлық көмекке қаржы бөлген мемлекеттердің қатарында Қазақстанды атады. Ол Катар, Кувейт, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия және Өзбекстан сияқты мемлекеттердің көмек көрсеткенін айтты.

АҚШ президентінің сөзінше, бұл қаражат Газадағы қайта қалпына келтіру және гуманитарлық көмек жұмыстарына бағытталады.

Қазақстан Трамптың сөзінде екінші рет те аталды. Ол Газаны тұрақтандыру жұмыстарына әскер, полиция немесе дайындық бойынша көмек ұсынған мемлекеттердің бірі деп көрсетті. Бұл тізімде Индонезия, Марокко, Албания, Косово, Қазақстан, Мысыр және Иордания бар.

Осылайша Трамптың сөзінде Қазақстан Газаға қаржылай көмек көрсететін мемлекеттердің бірі әрі тұрақтандыру жұмыстарына үлес қосуға дайын ел ретінде екі рет аталды.

2023 жылғы қазанда Қазақстан Палестина халқына $1 млн гуманитарлық көмек бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде өзі мәлімдеді. Кейін Қазақстан 38 тоннадан астам гуманитарлық жүк жіберді. Оның ішінде азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар бар.

ҚР СІМ-нің ресми мәлімдемесінде Қазақстан АҚШ-тың Газа бойынша бастамасын қолдайтыны, атысты тоқтату, кепілдегілерді босату, гуманитарлық көмек және Газа секторын кейін қалпына келтіруді қолдайтыны жазылған.

"Сегіз соғысты тоқтаттым"

Газа мәселесінен кейін Трамп өзінің халықаралық қақтығыстарды реттеудегі рөліне көшті. Ол президент қызметіне кіріскелі бері сегіз соғысты тоқтатуға қатысқанын айтты.

Трамп атаған қақтығыстар қатарында:

  • Камбоджа мен Таиланд;
  • Косово мен Сербия;
  • Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда;
  • Пәкістан мен Үндістан;
  • Армения мен Әзербайжан;
  • Газа соғысы бар.

"Қызметке кіріскелі бері сегіз соғысты тоқтату – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл соғыстардың басым бөлігі ұзақ жылдар, тіпті он жылдар бойы жалғасып келді. Мұндай мәмілелерге өз байланыстарымды қолдана отырып қол жеткіздім", – деді АҚШ президенті.

Украина: "Бұл мәселені шешеміз"

Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысқа да тоқталды. Ол АҚШ-тың екі елдің басшыларымен келіссөздер жасап жатқанын айтты. "Біз бұл мәселені шешеміз", – деді АҚШ президенті.

Трамп соғыстың екі жағында да адам шығыны көп екенін айтып, ай сайын шамамен 25 мың адамның қаза тауып жатқанын мәлімдеді. Ол соғысты дипломатиялық жолмен аяқтау қажет екенін айтып, Ресей мен Украина келісімге келуі мүмкін деген пікір білдірді.

"Арағайын жасап көрді, бірақ олардың ешқайсысы түпкі мәселені шеше алмады. Президент Дональд Трамп шынымен де үлкен бейбітшілік пен мүмкіндік әкелген жаңа әрі тиімді мәлімдеме жасады. Ресей мен Украина көшбасшыларымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз және бұл мәселені шешеміз. Бұл адамдар жылдамырақ болады деп ойлаймын. Олар шаршады. Екі жақтан да айына 25 мың жас адам, көбінесе сарбаздар қаза тауып жатыр. Біз мұны кез келген жолмен шешеміз. Бұл шешіледі", – деді Дональд Трамп.

Трамп сонымен қатар Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталуы өзі күткеннен де жылдам болуы мүмкін екенін айтты. Алайда нақты мерзім немесе келісім шарттары жарияланған жоқ.

Гренландия: АҚШ-тың Арктикадағы мүддесі

Трамптың сөзіндегі тағы бір геосаяси тақырып – Гренландия болды.

АҚШ президенті Дания және Гренландиямен жаңа қауіпсіздік келісімі жасалғанын айтып, Вашингтонның Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы қатысуын күшейту қажет екенін мәлімдеді.

Ол АҚШ-тың Гренландияда екі әскери база салатынын айтты.

"АҚШ Солтүстік Американың солтүстік шекарасы, Гренландия деп аталатын үлкен әрі стратегиялық маңызды жер учаскесі бойынша бұрын-соңды болмаған келісімге қол жеткізді. Бұл аумақта бізде америкалық құрлықты, сондай-ақ Еуропаны және басқа жерлерді қорғау үшін қажетті әрекеттерді жасауға толық мүмкіндік болады. Ешкімнің Гренландияда әскери қатысуын орнатуына немесе сол жерде сезімтал инвестициялар жасауына бұдан былай жол берілмейді. Біз екі өте үлкен әскери база саламыз. Дания мен Гренландияның керемет халқымен жұмыс істеуді асыға күтемін. Американың Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы ауқымын кеңейту арқылы бұл келісім Америкамен қоса Еуропаны да қорғайды", – деді Дональд Трамп.

АҚШ президенті бұл келісім Марк Рютте басқаратын НАТО-ны айтарлықтай күшейтеді деп сенеді.

"Супер-интеллект"

Трамптың сөзіндегі технологияға қатысты ең қызық тұс – жасанды интеллект туралы айтқаны.

АҚШ президенті БҰҰ деңгейінде жасанды интеллектіні жаһандық бақылауға алуға бағытталған кез келген жоспарға қарсы екенін мәлімдеді. Ол AI терминінің өзін өзгертіп, технологияны "super intelligence", яғни "супер-интеллект" деп атауды ұсынды.

Трамптың пікірінше, АҚШ бұл саладағы көшбасшылығын сақтауы керек. Ол жасанды интеллектіні қатаң халықаралық реттеу технологияның дамуын тежейді деп санайды.

Сонымен бірге ол технологияны бақылаусыз қалдырмайтынын, қажет болған жағдайда АҚШ Әділет министрлігі мен басқа да құқық қорғау органдары арқылы бақылау жүргізілетінін айтты.

"Біз супер-интеллектті тек қолдаймыз. Біз оны шектемейміз, керісінше қолдаймыз. Әділет министрлігі арқылы мұқият бақылаймыз. Америка Құрама Штаттары супер-интеллект саласында әлемді басқарады және мұны қауіпсіз әрі жауапкершілікпен жалғастыра береді", – деді ол.

АҚШ президенті AI саласында кім басымдыққа ие болса, сол тараптың технологиялық және экономикалық артықшылығы болатынын атап өтті.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау