Тікелей эфир

2023 жылы қай министрлер креслосымен қоштасуы мүмкін? Үш пікір

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Саясаттанушылар бірнеше министрдің орнын босатуы мүмкін екенін айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың басында Үкіметте ауыс-түйіс болатынын  айтты.

Осы ретте Informburo.kz тілшісі саясаттанушылармен хабарласып, Үкіметте қандай өзгеріс болатыны, қай министр орнын босатуы мүмкін екені туралы пікір білді.

"Энергетика және төтенше жағдай министрлері орнын босатуы мүмкін"

Серік Нұрмұратов, саясаттанушы:

2023 жылдың басында Үкіметте кейбір кадрлық өзгерістер болуы мүмкін. Әсіресе, жас деңгейі зейнеткерлік шамаға жеткендер жастарға орын беруі орынды.

Министрлердің ішінде көп өзгеріс бола қоймас. Дегенмен өзінің жұмысына үстірт қарайтындар ауыстырылары анық. Аты-жөнін атап беру қиынырақ.

– Екібастұздағы апаттан кейін президент энергетика министрінің апаттың салдарын жоюға қатыспағанын айтты. Осыдан кейін энергетика министрі ауысуы мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Сосын төтенше жағдайлар министрі де ерте қамданбағаны белгілі болды. Солардың ауысуы мүмкін. 

–  Әділет министрі Қанат Мусин Конституциялық соттың судьясы болып тағайындалды. Оның орнына кім келеді деп ойлайсыз?

– Дөп басып айта алмаймын. Кім келсе де, нағыз әділетті азамат болғанын қалаймын.


Оқи отырыңыз: Конституциялық сот судьялары тағайындалды


"Үкімет басшысы ауысуы мүмкін"

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

– Жыл басында бірнеше министр орнынан айырылуы мүмкін. Нақты айтуға оңай емес: әр министр президентке "мен кінәлі емеспін, жұмыс жүргізіліп жатыр" депген сыңайда күшті анықтама жазады.

Вице-премьер ауысуы да мүмкін. Бір вице-премьер бірінші вице-премьерге дейін көтерілуі мүмкін.

– Биыл қай министрлер жақсы жұмыс істеді деп ойлайсыз? Сізше, қайсылары орнын сақтап қалады?

– Нақты айту киын, жалпы айтқанда Үкімет жұмысының нәтижелері керемет емес. Үкімет басшысы – жақсы адам, ақылды математик, бірақ оның экономиканы түсінетініне күмән бар.

– Үкімет басшысы да ауысуы мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Парламенттік сайлаудан кейін әбден ықтимал.


Оқи отырыңыз: 2023 жылдың басында Үкіметте ауыс-түйіс болады


"Аймағамбетов басқа қызметке ауысады"

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

Премьер-министр орнында қалады. Министрлерден оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов басқа қызметке ауысатын сияқты.

Қай министрлер орнын сақтап қалады дегенге келсек, ішкі істер министрі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҰҚК басшылары орнын сақтап қалады. Қалғаны белгісіз.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары