Ата-ана жақында жанұяға жаңа мүше келетіні туралы хабарға баланы алдын-ала дайындау керек. Бұл Жаркентте болған жағдайдың алдын алуға көмектеседі, дейді психолог Мөлдір Ибраимова. Бұл туралы маман 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Еске салайық, жуырда Жаркент қаласында алты жастағы баланың үш айлық бауырын пышақтап өлтіргені туралы дерек шықты. Бұл жағдайға қызғаныш себеп болғаны туралы айтылып жатыр.
– Балада отбасында жаңадан туған сәбиге қызғаныш болмауы үшін не істеу керек? Баланы отбасының жаңа мүшесіне қалай дайындаған дұрыс?
– Баланың отбасының жаңа мүшесіне дайын болуы ата-анасына байланысты. Қызғаныш болмауы үшін ата-ана бала бойға біткен кезде-ақ ол туралы отбасының басқа мүшелеріне қалай айтады, қалай таныстырады, дәл солай баланың да білуге қақысы бар. Өйткені бала дайындықсыз болса, өзін қорғансыз сезініп, үлкен қызғанышпен қабылдауы мүмкін. Қызғаныш болмауы үшін әр бала өзіне деген махаббатты, ата-анасының назарын сезінуі керек. Жаңа нәресте келгенде бар назарды 100 пайыз соған аудару дұрыс емес. Әр баланың, тіпті алты жастағы баланың өз қажеттіліктері бар. Бала өзінің отбасына керек екенін, қорғанышы бар екенін сезінуі, өзін қауіпсіз сезінуі керек.
Сонымен қатар ата-ана оған бауырын таныстырғанда "Кейін сен онымен бірге ойнайтын боласың", "Бірге қыдыратын боласың", "Ойыншықтарыңды бөлісетін боласың" деген сияқты сюжетті түрде дайындаса, үлкені үлкен екенін, кішісі кіші екенін біліп, иерархия бұзылмаса, қызғаныш қалыпты өтеді. Қызғаныш болмайды деген сөз жоқ, қалыпты өтеді.
Оқи отырыңыз: Бәсіре, тілашар, айдар мен танабау тағу. Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі
– Жаңа туған нәрестеге деген қатыгездік қызғаныштан басқа тағы неден туындауы мүмкін?
– Мұны қызғаныштан деп айта алмаймыз, өйткені қызғаныштан тек мінез-құлық ауытқушылығы болуы мүмкін. Яғни бала ашуланшақ, жылауық болып, ойыншықтарын сындыруы мүмкін. Тек баланың психикасы зардап шеккен кезде ғана қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Яғни бала қалыпты емес нәрселерді қалыпты нәрсе сияқты қабылдаған кезде, сол қатыгездікті, жауыздықты көріп, оны қалыпты нәрсе ретінде санаған болса, Выготскийдің зерттеуі бойынша, жақын аймағындағы адамдар солай істесе, бала соны қайталауы мүмкін.
Бала оны саналы түрде істемейді, тек қайталайды деген болжам бар. Ата-ана баланың психикасында ауытқушылық барын білмей қалуы да мүмкін. Сондықтан маманға алдын ала жүгінген дұрыс.