Оқыс оқиға тәрбиеші ұл-қыздарды бір сәтке назардан тыс қалдырған кезде болған. Шкафты қалқалап үлгергенімен, оны ұстап қалуға 47 жастағы әйелдің күші жетпепті, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
"Сәби" жекеменшік балабақшасындағы жазатайым оқиға болды. Балалардың киімі мен керек-жарағы салынған екі метрлік шкаф кенеттен құлап, астында тәрбиеші мен төрт бүлдіршін қалды.
Ауруханаға жеткізілген бес жастағы қыздар мен тәрбиешіні дәрігерлер қарап, үйлеріне жіберген.
"Тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. Балалардың да, тәрбиешінің де жағдайы қалыпты. Дәрігерлердің медициналық қорытындысына сәйкес, 3 қыз бен тәрбиеші үйінде ем алып жатыр. Балабақша тәрбиешісін қызметінен шеттету жөніндегі ешқандай шешім жоқ. Денсаулығы қалыпқа келген соң балалар да, тәрбиеші де оралады", – деді балабақша қызметкері Зәуреш Қуанышқалиева.
Қазір мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Топтағы ұл-қыздарды бір сәтке көзінен таса қылған 47 жастағы тәрбиеші балалардың өмірі мен денсаулығына зақым келуіне жол бергені үшін тәртіптік жазаға тартылды.
Оқи отырыңыз: Елордадағы "Еркетай" балабақшасында тәрбиешілер баланы әжетханаға қамаған
"Болған жағдайға байланысты зерделеу жүргізіліп, топ тәрбиешісіне функционалдық міндетін тиісті деңгейде атқармай, балалардың өмірі мен денсаулығына зақым келуіне жол бергені үшін "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік жаза берілді", – деді Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметкері Эльмира Нұғыманова.
Оқыс жағдайға қатысты полиция "кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Егер тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе, ол белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айырылуы немесе айыппұл арқалауы мүмкін.