2022 жылдың 9 қыркүйегінде "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы" Қазақстан Республикасының заңы күшіне енеді. Онда жолда жүру ережелеріне қатысты қандай өзгерістер қарастырылғаны туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев айтып берді.
Түзетулерде көлікті екінші рет мемлекеттік нөмірсіз жүргізген адамға әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы қарастырылған. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Ведомство өкілінің айтуынша, бұрын мұндай норма болмаған.
"Бұдан басқа, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды, енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады", – деп атап өтті Жандос Мұратәлиев.
Айта кетейік, бұған дейін ол үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.
Оқи отырыңыз: "Күн сайын 10 адам қаза табады". Жол апатының негізгі себептері қандай?
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда "орташа жылдамдықты" арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр. Атап айтқанда, бір жыл ішінде 5 реттен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғалар айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігінен айырылады.
Сонымен қатар, 1 шілдеде электр самокаттарының техникалық сипаттамаларын белгілейтін ұлттық стандарт күшіне енді.
"Менің ойымша, бұл түзетулер "өрескел" құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік ықпал етудің тиімді шараларын қабылдауға мүмкіндік береді және бұл елдегі апаттылық жағдайына оң әсер етеді деп ойлаймын", – деп түйіндеді Жандос Мұратәлиев.