Тікелей эфир

Батыс Қазақстан облысына Ресейден 54 мың азамат келді. Шекарадағы жағдай қандай?

БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Кеңесте баяндама жасаған Шекара қызметі департаментінің бастығы Бауыржан Рысбеков бүгінгі таңда шекарадағы ахуал тұрақталғанын, тек ауыр жүк көліктерінің ғана кезегі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп пен көші-қон мәселесіне қатысты да біраз мәлімет айтылды.

"Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысының аумағына Ресейден 54 мыңға жуық азамат кірді. Олардың көп шоғырланған жерлері мен шекара бекеттерінде полиция өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 427 ресейлік азамат жалға берілетін пәтерлерге орналасса, "Арлан" спорт кешенінде 27 адам тұрып жатыр. Ресейліктерді заңсыз орналастырғандар үшін 70 әкімшілік хаттама толтырылды. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатындағы жұмыстар легі әлі де жалғасып жатыр", – деді БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.

Сала мамандарының мәліметінше, Ресейден келгендердің жас шамасы 18 -55 жас аралығын құрайды. Олар – Ресейдегі саяси жағдайдан кейін Қазақстанға келгендер.

Басқосуда облыс әкімі Кірістер департаментінің жұмысын сынға алды.

"Шекара маңында заңсыз жолмен жүздеген такси пайда тауып жүрді. Сол жерде Кірістер департаментінің бірде-бір маманы болған жоқ. Қазір бар-жоғы 13 адам жауапқа тартылды дейсіздер. Қалғаны қайда? Неге сіздің мамандар адам көп жүретін жерде қадағалау жүргізбейді? Келесіде есте ұстаңыздар", – деді аймақ басшысы Ғали Есқалиев.

БҚО әкімі жиын барысында ресейлік азаматтарды пәтерге заңсыз тұрғызатындарды да қатаң қадағалауды тапсырды. 

"Пәтерге кісі жіберетіндер салық органында міндетті түрде тіркелсін. Ресейліктерді пәтерге тұрғызамын деп жергілікті адамдарды қуып шыққан жағдайлар ресми еш жерде тіркелген жоқ, бірақ біз ондай фактілердің болғанын білеміз. Уақытша табысқа бола осындай әрекетке барғандарды қалай атайтынымды да білмеймін. Мұндай абыройсыздыққа бармаған дұрыс" – деді Ғали Есқалиев.

Айта кетейік, үйлестіру кеңесі Ресей мен Қазақстан арасындағы шекарадағы мәселені реттеу мақсатында құрылған болатын. 

Серіктестер жаңалықтары