Тікелей эфир

300 мың теңге: Әлеуметтік желіде сәби саудасы қызып тұр

Қазақстанда баланы саудалағандарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Құндақтағы сәби де "тауарға" айналды. Қазір оны сататын да, сатып алатын да көп. Әлеуметтік желіде сауда қызып тұр, деп хабарлады "AstanaTV" арнасы.

Арна тілшісіның айтуынша, баланы қара нарықтан қиналмай табуға болады. Әлеуметтік желіде адамдар ашықтан-ашық "бала асырап аламын, рақметім болады" деп жазса, енді бірі "300 мың теңге беремін" деп жаңа туған сәбиге нақты баға қойған. "Жазыңдар, бере саламын" дейтін тас бауыр әйелдер мен делдалдар да кездеседі. 

Қазақстанда сәбиді саудалағандарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Бұл бала сату ауыр және аса ауыр қылмыстардың түріне жатады. Ең ауыр жаза 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қарастырылған", – дейді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің аға жедел уәкілі Нұрбол Ашақұлов.

Департамент өкілінің айтуынша, көбіне бұл қылмыс түрі жасырын істеледі. Көрген, не естіген адамдардың, куәгерлердің ақпараттандыруы арқылы жедел іздестіру шараларымен анықталады. Айтуынша, соңғы 5 жылда бала сатудың 44 дерегі анықталып, 44 тұлға жазаланған. Биыл 9 қылмыстық іс тіркелген.


Оқи отырыңыз: "


Қоғам белсендісі Айнұр Бұлақбай бұл қылмысқа әйелдердің амалсыз баратынын айтады.

"Аналар бұған күйзелістен, ақшаның жоқтығынан, мұқтаждықтан барып жатыр деп ойлаймын. Сол үшін қоғамда қыз баланы әдептілікке, ер баланы жауапкершілікке үйрету қажет", – деді қоғам белсендісі.

Арна тілшісі мәселенің тағы бір ұшы бедеулікке тірелетінін айтады. Мамандардың айтуынша, елімізде ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған. Сәби сүйе алмағандықтан 20 пайыз отбасының некесі бұзылады.

Серіктестер жаңалықтары