Келесі жылдан бастап Алматының кейбір аудандарына ауаны шамадан тыс ластайтын көліктердің кіруіне шектеу енгізіледі. Бұл туралы қалалық мәслихат бекіткен қоршаған ортаны қорғауға арналған үш жылдық жоспар аясында белгілі болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Экология басқармасының мәліметінше, көліктің шығарылған жылы емес, техникалық жағдайы назарға алынады. Яғни, экологиялық аймақтарға ескі көліктер де кіре алады. Басты талап – ауаға шамадан тыс зиянды қалдық шығармауы.
Қазір экологиялық аймақ пилоттық жоба ретінде Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі мен Достық даңғылы аумағында сынақтан өтіп жатыр. "Сергек" камералары мен "Алматы паркинг" жүйесі арқылы көліктердің экологиялық көрсеткіштері талданып жатыр.
Талап бұзылған жағдайда жүргізушіге кемшілікті жою үшін екі апта уақыт беріледі. Егер ол орындалмаса, айыппұл салынады.
Жаңа талаптар Алматыда жүретін барлық автокөлікке, олардың қай өңірде тіркелгеніне қарамастан, бірдей қолданылады.