Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы таулы аймақта шыққан өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт мемлекеттік жер қоры аумағындағы Бақтияр сай шатқалында тіркелді, деп хабарлайды ТЖМ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құрғақ шөп Бәйдібек би ауылынан 10 шақырым қашықтықтағы Бақтияр сай шатқалында тұтанған.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының 70 қызметкері және 15 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" тікұшағы тартылып, 17 рет әуеден су төгіп, жалпы 51 тонна су шашты.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстарына аптап ыстық пен секундына 4 метрге дейін жететін солтүстік-батыс желі кедергі келтіріп жатыр.
Өртті сөндіру жұмыстарын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Оразбеков үйлестіріп жатыр. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында, өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.