Тікелей эфир

2025 жылы тәртіп бұзған мопедшілер қанша айыппұл төлейді

2025 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 6,5 пайызға артып, 3932 теңгені құрайды.

"Жол жүрісі туралы" заңға және Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер 2025 жылғы 4 сәуірден бастап күшіне енеді. Сәйкесінше, мопед жүргізушілеріне қатысты жаңа талаптар да қолданыла бастайды. 

Соған орай, Kolesa.kz тәртіп бұзған мопедшілерге қандай айыппұлдар салынатынын тізіп шықты: 

  • куәліксіз жүру – 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге);
  • мемлекеттік нөмірі жоқ немесе дұрыс тіркелмеген мопед тізгіндеу – 10 АЕК (39 320 теңге);
  • жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмір тағу – 15 АЕК (58 980 теңге);
  • көлік жүргізу құқығынан айырылған адам мопед басқарса – 50 АЕК (196 600 теңге) немесе 10 тәулікке қамалады;
  • мопедті куәлігінен айырылған немесе куәлігі жоқ адамға беру – 50 АЕК.

Еске салайық, 2025 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 6,5 пайызға артып, 3932 теңгені құрайды. 


Оқи отырыңыз: 2025 жылы утиль алымы, көлікті тіркеу құны және айыппұлдар қаншалық өседі


Заңдардың жаңа нұсқаларындағы басты жаңалықтарды еске саламыз: 

  • Мопедті міндетті түрде тіркеу, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беру. Сонымен қатар мопед жүргізуге А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек. Бірақ А және В санатындағы куәлікпен де басқаруға болады.
  • Елде орташа жылдамдықты тіркеу басталады. Ол автомобиль жүріп өткен халықаралық және республикалық маңызы бар жалпы жолдың ұзындығын осы қашықтықты еңсерген уақытқа бөлу арқылы есептеледі. Қала көшелерінде орташа жылдамдық тіркелмейді.
  • Мас күйінде көлік жүргізгені үшін куәлігінен айырылған азаматтарға 7 немесе 8 жылға дейін жүргізуші куәлігін қайта алу емтиханына қатысуға тыйым салынады.
  • Әкімшілік кодекске рұқсат етілген жылдамдықты 40-60 км/сағ және 60 км/сағ-тан асырған жүргізуші үшін жаңа айыппұл, сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылық үшін қосымша шаралар енеді.
  • Жүргізуші күндізгі жарық шамын жақпаса және бірінші рет ереже бұзса, тек ескерту жасалады. Қазіргі Әкімшілік кодекстен балама жаза ретінде айыппұлды алып тастайды.
Серіктестер жаңалықтары