Неден бастау керек
Жер алып үй салуға ниетті кез-келген адам сол елді мекен құрылысының егжей-тегжейлі жоспары туралы анықтама алуы тиіс. Көп жағдайда жұртшылық осыған немқұрайлы қарайды. Ол анықтаманы негізі әкімдіктегі жер қатынастар бөлімі беруі тиіс.
Мысалы, алдағы уақытта қай жерге дүкен, қай жерге бизнес орталықтары, қай жерде үй тұру керек деген жоспар жасалған жоба болады. Негізі, бұл анықтаманы халыққа қызмет көрсету орталықтары да береді. Алайда, ол жерде жалған анықтама жасап сататындар болады. Көбі солай алданып қалып жатады.
Жерді сатып алып, үйді тұрғызып алған соң әкімдік оны заңсыз деп танып, қала құрылысының егжей-тегжейлі жоспарында жоқ деп, сату-сатып алу шартын да, жалпы мәмілені сот арқылы жоққа шығаруы мүмкін. Жерді тартып алмаса да нысан салдырмайды. Осылай алданып қалып жатқандар көп, дейді заңгер Сырымбет Қасенов.
Қалауыңыз бен мүмкіндігіңізді нақтылап алыңыз
Әрине ақшасы жеткілікті жандарға үй алу да, қалаған ауданынан жер телімін алу да оңай. Ал ақша жинап үй алуға екінің бірінің жағдайы жоқ. Сондықтан, баспаналы болудың тиімді жолы жер алып үй тұрғызып алу. Бірақ, жер алып үй салуға бел байламас бұрын өз-өзіңізге мына сұрақтарға жауап беріп көргеніңіз дұрыс:
- Бос уақытыңыз бар ма? Жалдамалы пәтерде тұратын болсаңыз, әр күніңіз сіз үшін қымбат. Біреуге ай сайын беріп отырған ақшаңызға өз үйіңіздің бір кірпіші болса да қалана бергені тиімді. Сондықтан, сізге ең бірінші уақыт керек.
- Құрылыстан хабардарсыз ба? Сіз үйді өзіңіз салмай, құрылысшыларға сеніп тапсырған күннің өзінде де, уақытыңыз бен күшіңізді үнемдей алмайсыз. Бас-көз болып жүруіңізге тура келеді, алып кел мен барып келді айтпағанда, үйіңіздің сапалы салынып жатқанын да ұдайы қадағалап отыруыңыз керек. Сіз тұратын үйдің сапасы, ең бірінші өзіңізге керек. Ол үшін құрылыстан аз да болса хабарыңыз болуы шарт.
- Ақшаңыз жеткілікті ме? Несиеге ұрынғыңыз келмесе, асықпай, аз-аздап ақша салып отырып, үй тұрғыза аласыз. Алайда сіз алатын несие сомасына төленетін пайыздық үстемесі мен ай сайын пәтер жалдап тұрған ақшаңызды салыстырып көргеніңіз жөн. Мысалы, сіз несиені үш жылға не бес жылға белгілі бір сомаға рәсімдеген болсаңыз, пәтерге осы мерзім ішінде қанша ақша кететінін есептеп көріңіз. Пәтерге төлейтін ақшаңыз едәуір көптеу шығатыны анық. Әрине, уақытша паналайтын ағайын-туысыңыз болса, бір-екі жыл аузыңыздан жырып отырып жинаған ақшаңызға жер алып, шағын үй тұрғызып алуға болады.
Осы сұрақтарға жауап беріп, мүмкіндіктеріңіз бен қалауыңызды саралап алсаңыз, жер іздеуге қамдана берсеңіз болады.
Алдымен нені білу керек?
Кез келген жылжымайтын мүлік нысанын сатып алар кезде өте сақ болу керек. Әсіресе, жер телімін сатып алғыңыз келсе, сақтық танытқаныңыз жөн. Сондықтан, сатып алмай тұрып, жердің де сатушының да құжатын мұқият тексеріп алыңыз.
Жер телімін сатып алар кезде нені білу керектігін жұртшылық біле бермейді. Біріншіден, сатып алғыңыз келген жер телімі шынымен бар ма көз жеткізіп алыңыз, сонымен қатар көлемі сізге сатушы айтқандай болуы керек екенін ұмытпаңыз. Сіз үйі жоқ жер алып жатқандықтан, сатушы сізге тұрғын үй не саяжай құрылысына рұқсаты бар екенін растау керек. Әйтпегенде, жер сатып алған соң үй салуға қандай да бір шектеулер болып қалуы мүмкін. Құжат мәселесі жайлы сәл кейінірек, алдымен жер іздеуге кірісе берсеңіз болады.
Сонымен, Астана маңындағы 20-30 шақырым радиустағы ауылдардағы жер телімдерінің бағаларына көз жүгіртетін болсақ…
Талапкерге қарай талпынсаңыз
Талапкерде шұғыл сатамыз деген ең арзан жер мен ең қымбат жердің бағасында бір миллион сегіз жүз мың теңге айырмашылық бар.
Мәселен, Талапкердегі емхана мен мешітке жақын жерде, жолдың бойындағы 10 сотық жер телімін иесі үш миллион 300 мыңға бағалап отыр.
Осы ауылда темір жол стансасының маңындағы саяжай алабында алты сотық жерді бір миллион жарымға бере аламын делінген хабарландыру да бар. Үй салу қарқынды жүріп жатыр, бос тұрған бірнеше жер телімі ғана қалды депті оның иесі.
Талапкер ауылы Астрахань тас жолы бойында, қаладан 30 шақырым алыс. Тұрақты қоғамдық көлік қатынасы реттелген.
Қояндыда "қоянның ізін салып кететіндер" қалмады
Астананың Павлодар тас жолы бағытында, 15 шақырым қашықтықта орналасқан Қоянды ауылында салыстырмалы түрде жер арзан.
Мысалы, құжаты толық, батпақ емес жердегі 10 сотық жерді 900 мың теңгеге ала аласыз.
Жолдың бойында, коммуникация жүргізілген, келешегі бар орындағы он сотық жерге иесі 5,5 миллион сұрайды.
Ескерте кетелік, Ақмола облысына қарасты бұл ауылда жыл сайын жер дауы орын алады. Мысалы 2014 жылы бірнеше кәсіпкер иесі бар жер телімдерін сыртынан басқа адамдарға сатып жіберген. Алайда былтыр облыс әкімі ауылдағы заңсыз жер иеленіп алу фактілеріне нүкте қойылды деп мәлімеген болатын. 195 заңсыз иеленген жердің 182-і заңдастырылып, қалғаны жердің заңды иесі мен заңсыз иесі арасында сату-сатып алу келісімшарты жасалғаны туралы айтылды.
Сонымен қатар, әкім ауылға келіп қоныстанушыларға қолайлы жағдай жасалады деп уәде берген.
Қосшыда арзан жер жоқ
Қосшыда, соңғы аялдама маңында 11 сотықтан жер телімі саудаланады. Қалағаныңызды 2,5 миллионға беруге әзір. Жер телімдері биіктеу жерде орналасқан. Жоспар бойынша, айналасына болашақта мектеп, спорт кешені, балабақша салынуы тиіс делінген.
Ауыл қаладан 20 шақырымдай қашық. Қарқаралы тас жолының бойында, Елорданың оңтүстік тұсында орналасқан.
Мұндағы жер телімдерінің ең қымбаты 10 миллионның үстінде. Жол бойындағы, соңғы аялдаманың бұрышындағы үйінің ірге тасы қаланған, мемлекеттік акт пен құжаты түгел жерді 11 миллионға беруге әзір.
Қосшының іргесіндегі Тайтөбе ауылында да баға осындай. Орташа баға шамамен 3-4 миллион теңгені құрайды.
Қараөткелде жерге көтерме баға бар
Қаладан 10 шақырым қашықтықта Қорғалжың тас жолы бойында орналасқан Қараөткел елді мекенінде 44 шаршы метр уақытша баспанасы бар 10 сотық жерді иесі 11 миллионға бағалап отыр.
Ауылдың шетінен, далалықтау жердегі ең арзан жер телімін екі миллионнан жоғары бағаға ала аласыз.
Ал 22 шағын ауданындағы, Байтұрсынов көшесінде бес жер тілімін қатар алсаңыз, иесі әрқайсысын 2,8 миллионға беруге дайын.
Үркердің бағасы "үркітіп" жібереді
Есіл ауданына қарасты Үркер шағын ауданы да Қорғалжың тас жолы бойында. Бұл жерде коммуникация жүргізілген, ірге тасы қаланған, үйдің дайын жобасы бар, аялдамаға жақын, жан-жағына үй салынып қойған, жол бойында орналасқан 10 сотық жер телімін 22 миллионға бағалап отыр.
Ең арзан дегені 9 миллион теңге шамасында кездеседі. Мысалы, коммуникация жүргізілген, құжаттары бар, 10 сотық жерді 8,7 миллион теңгеге дейін түсіреміз депті.
Орта есеппен 10 сотық жер телімін 10-15 миллионға алуға болады.
Жібек жолынан 800 мыңға жер табылады
Жібек жолы ауылы (бұрынғы Александровка) Қарағанды тас жолы бойында қаладан 12 шақырым жырақта орналасқан.
Ауылда ең арзан, құжаты түгел жердің бағасы екі миллионның үстінде. Желіде одан да арзан баға кездеседі. Мәселен, осы ауылда 7 сотық әр түрлі құрылысқа арналған жерді 800 мың теңгеден жоғары бағаға беремін деген жылжымайтын мүлік агенттіктерінен хабарландырулар бар.
Бағасына қызығу ерте. Нарықта алаяқ делдалдар көп. Өкініп қалмаңыздар! Олардың арбауына түспеудің жолын мына сілтемеден оқысаңыз болады.
Ал жердің қымбатының бағасы жеті миллион теңгеге дейін барады. Мәселен, 10 сотық, өзі тегіс, үй салуға да, бау-бақша салуға да қолайлы жерді иесі 6,5 миллионға беремін депті.
Сатушы мен сатып алушыдан талап етілетін құжат
Жинап терген ақшаңызды ауаға ұшырғыңыз келмесе, құжат мәселесіне зер салыңыз.
Үй салатын жер телімін сатып алмай тұрып, сататын жақтың келесі құжаттарымен танысып алыңыз:
– Жер телімін иелену құқығы актісі. Сізге көрсетіп отырған жер телімі мен мемлекеттік Акт сәйкес келуі керек. Жер телімінің ауданын, оның дәл осы мекенжай бойынша тіркелгенін мұқият тексеріңіз. Ондай ақпаратты РМҚК "Жылжымайтын мүлік орталығынан" аласыз;
– жергілікті әкімшіліктің дәл осы жерді дәл осы адамға беру туралы шешімі;
– үйдің жоспар-жобасы (аудандық архитектура бөлімі, қала құрылысы немесе өзге ұйым, мысалы жеке жоба бюролары береді);
– сатушының жеке куәлігі (міндеттіі түрде ЖСН – Жеке сәйкестендіру нөмірі бар болуы керек);
– сатуға жұбайының қарсы еместігін растайтын келісім, егер ажырасқан болса, неке бұзылғандығы туралы куәліктің көшірмесі;
– егер кәмелет жасқа толған балалары болса, жылжымайтын мүлікті, біздің жағдайымызда жер телімін сатуға қарсы еместігі туралы арыз;
– осы құжаттар мен сату-сатып алу туралы келісім шарт нотариуспен бекітілген болуы шарт.
Сонымен қатар, сатып алушы болсаңыз:
– ЖСН бар жеке куәлік.
Мәмілеге келген соң Халыққа қызмет көрсету орталығына тіркелу үшін келесі құжатты тапсырасыз:
– ЖСН бар жеке куәлік (түп нұсқасы мен көшірмесі);
– жер телімін иеленуге құқығын білдіретін акт (түп нұсқасын);
– сату сатып алу туралы келісім шарт (түп нұсқасы мен көшірмесі).
Егер жер алып, үй салуға мұршаңыз жоқ не болмаса дайын үй алуға ниетті болсаңыз мына сілтемеден пайдалы кеңестерді оқи аласыз.