Қазақстан азаматтарының 68,1 пайызы мемлекет дұрыс бағытта келе жатыр деп есептейді, деп хабарлады ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты.
ҚР президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 11 мамыр мен 22 маусым аралығында әлеуметтанулық сауалнама жүргізді.
Іріктеме көлемі - 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар: Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Зерттеу бойынша, қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруға бейім, мысалы «Сіздің отбасыңыздың материалдық жағдайы кейінгі бір жылда қалай өзгерді?» деген сұраққа респонденттердің үштен бір бөлігі (31,1%) өзінің және өз отбасының қаржылық жағдайы біршама жақсарды десе, ал үштен бірі (31,6%) өзгерген жоқ, сол күйінде қалды деп жауап берген.
Респонденттердің 27,1%-ы өз әл-ауқатының айқын өсуін атап өтті. Ал респонденттердің 8,6%-ы қаржылық жағдайын белгілі бір дәрежеде нашарлады деп есептейді.
"Ең төменгі жалақының 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін ұлғаюы, дәрігерлердің орташа жалақысының 30%-ға және орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысының 20%-ға өсуі, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық көлемінің 4,4 миллионға ұлғаюы, жоғарғы оқу орындары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақысын көтеру, шағын несиелеу тәсілдерін өзгерту, кәсіпкерлікті реттеудегі жаңа тәсілдер және мемлекет қабылдаған басқа да шаралар қазақстандықтардың материалдық жағдайын жақсартып келеді. 2023 және 2024 жылдары денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеуге мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы азаматтардың бүгінгі өміріне қанағаттануының негізі болды. Бұл қазақстандықтар арасындағы әлеуметтік оптимизмнің айтарлықтай жоғары деңгейін түсіндіреді. Елді жан-жақты жаңғыртудың жоғары қарқыны айтарлықтай қоғамдық қолдауға ие – қоғамдық пікір сауалнамасының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 68,1%-ы ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді", – делінген хабарламада.