Полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен әйелді ұстады. Тергеу мәліметінше, ол азаматтарға пәтер сатып алуға көмектесемін деп уәде беріп, ірі көлемде ақша иемденген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Күдіктінің әрекетінен Ақмола облысының Қосшы қаласының екі тұрғыны зардап шеккен. Алдын ала мәлімет бойынша, оларға келтірілген жалпы материалдық шығын 22 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары Астана тұрғындарының да осы іске қатысы бар болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.
"Тергеу барысында күдікті азаматтардың бірінен 14 млн теңге, екіншісінен 8 млн теңге алып кеткені анықталған. Әйелге биыл шілде айында іздеу жарияланған. Ол Ақтөбе қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, ұсталғанға дейін әйел Ақтөбедегі орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген.
Қазір тергеушілер оның білім беру ұйымына жұмысқа орналасу кезінде тапсырған құжаттарының түпнұсқалығын тексеріп жатыр. Сондай-ақ құқық қорғау органдары жалған диплом немесе басқа да жалған құжаттарды пайдаланған болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастыруда.