Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы мейрамханада уланған жүзден астам адамның стафилококк бактериясын жұқтырғаны анықталды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Инфекцияның көзі қызметкерлер болған
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мәліметінше, зертхана қорытындысы бойынша инфекцияның негізгі көзі мейрамхана қызметкерлері болған. Сонымен қатар ас үй жабдықтарынан, тағамдардан және ауыз судан ішек бактериялары анықталған.
Тексеру барысында тағам дайындау технологиясының бұзылғаны, азық-түлікке қатысты құжаттардың болмағаны, дезинфекциялық режимнің сақталмағаны және қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтпегені белгілі болды.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Еске салайық, өткен айда Қандыағаштағы "Тұмар" мейрамханасында өткен тойдан кейін 113 адам, оның ішінде 16 бала астан уланып, ауруханаға түскен еді.