Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, атаулы жеделхаттар жолдады.
Жеделхаттарды Маңғыстау және Түркістан облыстарының басшылары, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы мен қоғам белсенділері оқып, табыстады.
"Президент марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қолдау білдіріп, оларға барлық қажетті көмек көрсетілетінін, ал кінәлілер ең қатаң жазаға тартылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатында әскери қызметшілердің мемлекеттік марапаттарға ұсынылатыны айрықша атап өтілді", – делінген хабарламада.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкетті. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Олар Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша тергеліп жатыр.
Күдіктілер анықталды. Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.
Каспийдегі қайғылы оқиға: Сарбаздардың бірі жағаға өзі жүзіп жетіп аман қалды
Каспийде қаза болған сарбаздардың жақындарына ұшақ билеті тегін беріледі