Әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оларға қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген айыптар тағылып отыр.
Ұсталғандардың қатарында:
- ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы;
- екі әскери бөлімнің командирі;
- теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирі бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында "Қайсар" катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды.
Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қабылдану мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделенуде.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың жағдайы белгілі болды
Каспийдегі қасірет. Қызметіне салғырт қараған лауазымды тұлғалар анықталды – Бас прокуратура