Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі 23 ақпанда А гепатитіне қарсы екпе алғаннан кейін жағдайы нашарлаған оқушылардың қазіргі халі туралы хабарлады. Олар қазір амбулаторлық бақылауға жіберілген. Медицина қызметкерлеріне ешқандай шағым түспеген.
23 ақпанда Ақтаудағы IT-лицейдің екі оқушысы А гепатитіне қарсы екпе алғаннан кейін өздерін жайсыз сезінген болатын. Олар жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар аураханасына жеткізілген.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастардың жағдайы жақсаруына байланысты ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Басқарманың түсіндіруінше, оқушылардың жағдайының нашарлауы психоэмоционалды күйзелістен туындаған.
"Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатры пациенттерді тұрғылықты жері бойынша емханаға амбулаторлық бақылауға жіберді. Балаларға жоспар бойынша екпе егілді. Вакцинадан кейін балалар педиатрдың бақылауында болды. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының жағдайы қанағаттанарлық. Вакцинаға реакция тіркелмеген. Педиатрлар мен мектеп медбикесі ата-аналармен байланысқа шықты. Медицина қызметкерлеріне ешқандай шағым жоқ", – делінген Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Балаларға екпе салдыру дұрыс па? Маңызды 10 сұраққа жауап береміз