Жыл басынан бері 3 млн 270 мың тонна дизель отыны өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 262 мың тоннаға көп, деп мәлімдеді мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев.
Департамент директорының айтуынша, күзгі дала мен жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 440 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, дизель отынының бағасы өңірге байланысты шамамен 175-180 теңгені құрады. Бұл жанармай құю станцияларындағы бағадан арзан.
20 қыркүйектегі жағдай бойынша, іс жүзінде 282 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Қазан айында тағы 28,5 мың тонна дизель отыны өңірлерге жеткізілмек.
"Жалпы республикада 8 айдың қорытындысы бойынша, 3 млн 270 мың тонна дизель отыны өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 262 мың тонна немесе 9 пайыз көп. Биыл дизель отынының рекордтық өндірісін күтеміз. Болжамымыз бойынша, өндіріс көлемі 4,9 млн тоннаны құрайды. Мұнымен қатар, дизель отынын тұтынудың айтарлықтай өсуі байқалады. Тұтыну көлемі 519 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға және 2019 жылмен салыстырғанда 37 мың тоннаға көп болды", – деді Бауыржан Сәлімгереев.
Департамент өкілінің айтуынша, тұтыну көлемінің өсуіне транзиттік жүк тасымалының ұлғаюы себеп болып отыр. Сондай-ақ, ол дәл қазір Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан екеніне тоқталды. Мысалы, Ресеймен салыстырғанда – 90 теңгеге, Өзбекстанмен – 77 теңгеге, Қырғызстанмен салыстырғанда 60 теңгеге арзан.
"Ресей Федерациясынан 2021 жылға арналған индикативті теңгерімге сәйкес Қазақстанда мүмкін импорт көлемі 530 мың тоннаны құрайды. Іс жүзінде 8 айда 145 мың тонна дизель отыны импортталды. Сәйкесінше, жыл соңына дейін 385 мың тонна импорттауға болады. Бүгінгі күні импорт бойынша ешқандай шектеулер жоқ", – деп қосты Бауыржан Сәлімгереев.