Тікелей эфир

Қазақстанда еңбек демалысының ақысы қалай есептеледі?

Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Еңбек демалысының ақысын есептеу оңай. Бастысы қолда қажетті барлық ақпарат болуы тиіс.

Еңбек демалысы ақысының есептелуі мен төлемі туралы не білу керек? Егер жыл ішінде жалақы көлемі өзгерсе, қорытындысында қандай сома шығады? Есепшінің қателеспегенін қалай тексеруге болады, сырқаттанған уақыттар үшін төлем қалай жүргізіледі?

№1. Қазақстандықтарға еңбек демалысына қанша күн беріледі?

Ресми жұмыс істейтін әрбір адам 24 күн еңбек демалысын алуға құқылы. Мұғалімдер секілді 56 күн демала алатын мамандық иелері де бар. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, ақысы төленетін еңбек демалысын әрбір қызметкер тараптардың келісімі бойынша жұмыс істеген жылдың кез келген уақытында ала алады.

№2. Еңбек демалысының ақысы қалай есептеледі?

Есептеу оңай. Орташа бір күндік жалақыны демалыс күнінің санына көбейту керек.

Мәселен, қызметкер 2018 жылдың 1 қазанында 180 мың теңге көлеміндегі жалақымен жұмысқа алынды. Ол әрбір аптада (бес күндік) 40 сағаттан жұмыс істейді делік. Бір жыл толық жұмыс істеп, 2019 жылдың 1 қазанында 24 күндік еңбек демалысына шығады.

Еңбек демалысының ақысының көлемін 3 кезеңмен анықтаймыз:

  1. 12 айға есептелген жалақы: 180 000 х 12 = 2 160 000.
  2. Орташа бір күндік ақы: 2 160 000 : 246 (12 айдағы жұмыс істеген күндердің жалпы саны) = 8780.
  3. Еңбек демалысы ақысының көлемі: 8780 х 18 (24 демалыс күннен жұмыс істеген күндердің саны) = 158 048 теңге.

Маңызды: бұл сомадан 15 804 теңге міндетті зейнетақы жарнасы мен 9974 теңге жеке табыс салығы ұсталады. Сонда қолға тиетін еңбек демалысы ақысының сомасы 132 269 теңге болады.

№3. Бір жылдан аз уақыт жұмыс істесең қанша аласыз?

Мұндай жағдайда орташа бір күндік ақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген уақыт алынады. Қалғаны солай есептеледі: жұмыс істеген уақыттағы орташа бір күндік ақыны демалыс күнінің санына көбейтеміз, сонда еңбек демалысы ақысының көлемі шығады. Одан салықтар мен міндетті аударымдарды алып тастаймыз – қалғаны қолыңызға тиетін қаражат.

№4. Жалақы өзгерсе еңбек демалысының ақысы қалай есептеледі?

Жыл ішінде жалақыңыз жоғарыласа, индекстеу коэффициентін ескере отырып бәрін қайта есептеу керек. Жұмысшы бір лауазымнан басқа лауазымға ауысқан жағдайда жоғарылау коэффициенті қолданылмайды.

Мәселен, жұмысшы 2018 жылдың 1 қазанында 180 мың жалақымен жұмысқа қабылданды делік. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 200 мың теңгеге дейін өсті. 24 күн еңбек демалысына ол толық жыл жұмыс істеп, 2019 жылдың 1 қазанынан бастап кетеді делік. Жалақысы демалысқа кеткенше өскеніне орай, орташа бір күндік ақы индекстеу коэффициенті ескеріледі.

Былай есептеу керек:

  • Индекстеу коэффициенті 200 000 (жоғарылаған жалақысы) : 180 000 (жоғарылағанға дейінгі жалақысы) = 1,11.
  • Орташа бір күндік ақы а) {180 000 х 1,11} х 3 = 599 400 теңге (қазандағы жалақы-желтоқсан 2018 жылғы индекстеу коэффициенті ескерілгені); б) 200 000 х 9 = 1 800 000 теңге (2019 жылдың қаңтар-қазан айындағы жалақылары); в) 594 000 + 1 800 000 = 2 399 400 теңге (индекстеу коэффициентімен 12 айға есептелген жалақы); г) 2 399 400 : 246 (12 айдағы жұмыс істеген жалпы күндер саны) = 9753 теңге (орташа бір күндік ақы).
  • Еңбек демалысы ақысының көлемі: 9753 х 18 (24 демалыс күннен жұмыс істеген күн саны) = 175 565 теңге.

Бұдан 17 556 тенге міндетті зейнетақы жарнасы мен 11 550 теңге көлеміндегі жеке табыс салығын шегергенде қолға 146 458 теңге тиеді.

№5. Еңбек демалысының бір бөлігін алуға бола ма?

Иә. Еңбек демалысын бірнеше бөлікке бөліп алуға болады. Бір уақытта кем дегенде қанша күн алуға болатыны заңмен белгіленбеген. Мұны шешуді мемлекет жұмысшының өз құзіретіне қалдырған.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как начисляются отпускные в Казахстане?

№6. Еңбек демалысына айдағы мереке күндерінің саны қалай әсер етеді?

Мереке күндері – еңбек демалысының бөлігі емес. Егер демалыс алғаннан кейін мереке болса, сіз тек жоспарлағаныңыздан көбірек демаласыз. Бірақ еңбек демалысына шыққан айда мереке күндері көп болса, басқа айларға қарағанда жұмысшы аз ақша алады.

Есеп бөлімінде жұмыс күнінің ақысы деген ұғым бар – бұл жалақының айдағы жұмыс күндерінің санына қатынасы. Желтоқсан айындағы жұмысшының әрбір жұмыс күні 10,5 мың теңге болады (жалақысы 200 мың болса: 19 жұмыс күні = 10 526). Алайда, егер ол жылдың соңғы айында еңбек демалысына шықса, еңбек демалысының ақысын соңғы 12 айға есептелген орташа бір күндік ақымен алады: 9880 тенге. Бұл желтоқсандағы бір жұмыс күнінің ақысынан аз. Сәйкесінше, мейрам күндері көп ай еңбек демалысын алуға тиімсіз.

№7. Еңбек демалысының ақысы қашан төленуі керек?

Демалысқа шыққанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей. Ал, еңбек демалысы кестесінен тыс демалыс алған жағдайда демалысқа шыққан уақыттан бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей. Қалауыңызға қарай есеп бөліміне тиісті өтінішіңізді жаза отырып, еңбек демалысының ақысын жалақы алған күні алуға да болады.

№8. Еңбек демалысына шықпастан жұмыстан кеткен жағдайда не аласыз?

Еңбек шартын бұзып, еңбек демалысына шықпадыңыз немесе демалысты толық пайдаланбадыңыз делік. Мұндай жағдайда сізге жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысыңыздың пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төленеді. Ақыны жоғарыда 2 және 4 номерлі карточкада келтірілген тәсілмен есептейсіз. Осы тәсіл еңбекке жарамсыздық парағын есептеу кезінде де қолданылады. Уақытша еңбекке жарамсыздық жәрдемақысының көлемін қалай есептеу керектігі және оны ұзарту жолдары мен кімге оның берілмейтіні туралы мына жерден оқыңыз.

№9. Сырқаттанған уақыттарыңыз болса еңбек демалысы қалай есептеледі?

Ауырған күндеріңіздің саны жыл бойғы жұмыс істеген күндердің жалпы санынан алынып тасталады. Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы сомасы да жыл бойғы табыс көлемінен шығарылады.

Мысалға, Қайрат деген азаматтың қанша демалыс күні болатынын есептейік. 2018 жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін индекстеу коэффициентін есептей отырып, оған 599 400 теңге төленген. 2019 жылдың қаңтар-мамыры мен шілде-қыркүйек айларында ол 1 600 000 теңге алыпты, маусымда ауырып қалғаны үшін 150 000 теңге төленген. 12 айда жұмыс істеген күндерінің жалпы саны – 241. Формула бойынша есептейміз:

  • Орташа бір күндік ақы: (599 400 + 150 000 + 1 600 000) : 241 = 9746 теңге;
  • Еңбек демалысы ақысының көлемі: 9746 х 18 (24 демалыс күннен жұмыс істеген күн саны) = 175 445 теңге.

Бұдан 17 544 теңге міндетті зейнетақы жарнасы мен 11 540 теңге көлеміндегі жеке табыс салығын шегергенде қолына 146 361 теңге тиеді. Еңбек демалысының ақысы мен сырқаттанған уақытта төленетін ақы көлемін есептеу үшін арнайы калькуляторды пайдалануға болады.

Материалды дайындауда көмектескені үшін "Варити" есеп компаниясының директоры Любовь Сапуноваға алғыс айтамыз.

Авторы Наталья Батракова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары