Тікелей эфир

Қазақстанда биыл қант бірден 12 пайызға қымбаттаған, өнімнің 30 пайызға жуығы сырттан әкелінген. Жаңалықтарға шолу

Сурет Syrboyi.kz сайтынан алынды.
Сурет Syrboyi.kz сайтынан алынды.
Мұнай бағасы төмендеді. Әлем елдері қарттар мен жетімдер үйін біріктіре бастады.

Басындағы битті кетіремін деп мал дәрісін жағып қызын өлтіріп алған

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Ж.Бекшиннің айтуынша, "Неоцидол" дәрісі малға жабысқан кенелерді және басқа да паразиттерді дезинфекциялау үшін қолданылады. "Препараттың иісі өте күшті жағымсыз. "Дәріні жағылған малды иісі кеткенше бірден союға болмайды", – дейді бас дәрігер. Мамандар ата-аналарға дәріханалардан педикулезге қарсы препараттар алып, қолдануды ескертеді. Жанама әсеріне ден қойып, сақтық шараларына көңіл бөлуге шақырады.

Қазақстанда қант биыл 12%-ға қымбаттаған

Елімізде қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 180 мың тонна қант өндірілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда 25,7%-ға төмен. Осының салдарынан биыл өнімнің 28,5%-ы сырттан әкелінген. Бұл халық сұранысының 53,5%-ын қамтамасыз еткен.

Биыл қант бағасы 241,2 теңгеге дейін өсіп, былтырғысынан 11,9%-ға қымбаттаған. Барлық облыстарға қарағанда Түркістан мен Семейде баға (1 кг – 257 теңге) ұшып тұр. Ең арзан қант Ақтөбеде (1 кг – 208 теңге) сатылып жатыр.

Алматыда BRT желісіне 18 метрлік автобустар шығады

Сыйымдылығы 180 адамнан асатын мұндай 30 жаңа көлік әр 5 минут сайын жолға шығады. Көліктер салқындатқыштармен, видеобақылау камераларымен, жабдықталған. Кузовтары еңкейеді. Стандарттарға сай Евро-5 жанармайымен жүреді.

Қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыруға қатысты қазір Алматыда 600 жүргізуші біліктілік орталығында кәсіби шеберліктерін жетілдіріп жатыр. Олар жол ережесін сақтау, жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, мәдениеттілік таныту бойынша тренингтерден өтеді

Өзбекстанда мұғалімдерді мәжбүрлі жұмыстарға жегуге тыйым салынатын заң жобасы таныстырылды

"Педагог мәртебесі туралы" құжатта мұғалімдердің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиеті қорғалады. Ол бойынша ұстаздарды айналаны абаттандыру, көгалдандыру сияқты маусымдық жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Мұғалімдердің міндеттемелеріне кіретін мәселелерге ата-аналардың негізсіз араласуына жол берілмейді. Заң жобасында сондай-ақ педагогтарға үй құрылысын жүргізуге, баспана сатып алуға, коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер ұсыну қарастырылған.

Мұнай бағасы (Brent) барреліне 73 долларға дейін арзандады

Лондон мен Нью-Йорк шикізат биржаларындағы сауда-саттықтың соңғы қорытындысы осындай. Вrent маркалы мұнай 21 тамыздан бері мұндай бағаға бірінші рет төмендеген. WTI маркалы мұнай баррелі 1,62 долларға арзандап, 63,69 доллар болды. Бағаның төмендеуіне АҚШ-тағы шикізат қорының өсуі әсер етті.

Астана автопарктеріне 22 млн айыппұл салынды

2,1 мың кеңесші мен 322 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылған. Олар аялдамаларға тоқтамаған, автобустары санитарлық-техникалық жағдайға сай емес, сондай-ақ мәдениетсіздік танытқан. "Астана LRT" ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Б.Есжанов электронды төлем жүйесіне байланысты автопаркке апта сайын 1000-ға жуық шағым келіп түсетінін айтады. Жолаушылар арасында да жолақысын төлемей ереже бұзатындар көп.

Теңге бағамының айырмасынан зейнетақы қоры 37пайыз инвестициялық табыс тапты

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйекке дейін зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17%-дан 31%-ға артқан. Бұл инвестициялық қоржынның сапасы мен өтімділігін жоғарылатып қана қоймай, теңгенің құлдырау кезеңінде салымшылардың зейнетақы жинақтарын сақтауға мүмкіндік берген.

Қазақстандық басқа БАҚ не жазды:

24.kz: Әлем елдері қарттар мен жетімдер үйін біріктіре бастады. Nightingale House орталығы Лондон қаласында орналасқан. Оның ашылғанына 1 жылдай уақыт болды. Бұл – Ұлыбританиядағы қараусыз қалған қарттар мен жетім балалар тұратын ең алғашқы орын. Мұнда олар бірге уақыт өткізіп, әңгімелеседі. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай қарым-қатынас егде жастағылардың денсаулығына оң әсер етеді. Айтуларынша, күн сайын кішкентай бүлдіршіндермен сөйлескен қарияның көңіл-күйі көтеріліп, жалғыздығын ұмытып, қан қысымы жақсарады екен.

Qamshy.kz: Елімізде 5,1 млн адамның мойынында несие бар. "Аналитик" талдау орталығының мәліметінше, елдегі проблемалық несие қоры 1 трлн теңгеге жетіп, қайтарылмай қалған несие көрсеткіші 8 пайызды құраған. Сала мамандары проблемалық несие қорының көбейгеніне алаңдап отыр. Олар қазір еліміз ұстанып отырған қаржы-несие саясатына таяу үш жылдықта жаңашылдық енгізу керек дейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары