Тікелей эфир

Шымкент полицейлері толғағы келген әйелді перзентханаға жеткізді

Түркістан облысының тұрғыны керек кезде қол ұшын созған полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.

Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында қызмет атқарып тұрған 881 автоэкипаж қызметкерлерінен белгісіз ер адам көмек сұраған. Өзін Түркістан облысының тұрғынымын деп таныстырған ол көлікте әйелін толғақ қысып, босанғалы жатқанын жеткізген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Қарбалас сәтке тұспа-тұс келген ерлі-зайыпты қаланы мүлдем білмейтінін айтқан. Жедел-жәрдем шақырса уақыт жоғалтатынын бірден түсінген полицейлер көлікті сүйемелдеп алып жүру арқылы Нұрсәт мөлтек ауданындағы перзентханаға жеткізді.

"Қиын кезде қол ұшын созған полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Келіншегім мен баламның өмірін бір қауіптен аман алып қалды. Біреудің басына түскен іске бей-жәй қарамай, адамгершілік танытқандарыңыз үшін рақмет", – деп ризашылығын білдірді әке.

Ал азаматтарға қол ұшын созған Мұсахан Умералиев пен Бақберген Жазықбай мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін және қолдан келсе көмектен аянып қалмайтынын жеткізді.


Оқи отырыңыз: "Әйелім босанғанда жанында болдым". Перзентханаға серіктес болып кірген әкелердің хикаясы


 

Серіктестер жаңалықтары