Форум басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.
"Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде", – деді мемлекет басшысы.
Президент өнеркәсіп, цифрландыру, "ақылды қалалар" мен спутниктік технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы серіктестік дәйекті түрде нығайып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға құқықтық тұрғыдан ықпал етті.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде Қазақстан мен Қытай өзара сенімге, ашықтық пен ортақ мүддеге арқа сүйеген озық әрі тиімді ынтымақтастық үлгісін көрсетіп отыр. Осыған орай Президент екі елдің табысты серіктестігін одан әрі дамытуға арналған басым бағыттарды атады. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, көлік-логистика саласына тоқталды.
"Халықаралық серіктестермен бірге темір жол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз", – деді президент.
Кітапхана, музей, мектеп: Тоқаев балаларға арналған инфрақұрылымды тиімді пайдалануды тапсырды
Тоқаев: Жеті жылда елімізде 1342 мектеп пен 1200-ден астам медициналық нысан салынды