Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
"Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ", – деді Қанат Бозымбаев.
Ол қалыптасқан жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғағанын еске салып, тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетінін айтты.
"Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын", – деді ол.
Еске салайық, нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Каспийдегі қасірет. Қаза тапқан сарбаздардың туыстары мәйітхана күзетіп жүр
Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты