Тікелей эфир

БҚО және Шымкентте әлеуметтік осал топ өкілдеріне газ ақысын төлеуге жеңілдік жасалады

Жеңілдікті пайдалану үшін тұтынушылар мекенжайының есептік шотын көрсетсе жеткілікті.

QazaqGaz Aimaq АҚ 2024 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды қолдауға бағытталған пилоттық жобаны іске қосатынын жариялады. Бұл бастама атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТҮК) алатын азаматтарға тауарлық газды жеңілдікпен пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында баспасөз мәслихатында QazaqGaz АҚ маркетинг және цифрландыру жөніндегі басқарманың директоры Демеу Сейтжанов мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатына QazaqGaz АҚ Батыс Қазақстан облысы өндірістік филиалы директорының  орынбасары Дастан Ибраимов, БҚО энергетика және тұрғын үй шаруашылығы-коммуналдық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Алмагүл Есенғалиева қатысты.

Жоба шеңберінде жеңілдіктерді алу үрдісі толығымен цифрландырылып, eGov Mobile қосымшасындағы "Әлеуметтік әмиян" сервисі арқылы жүзеге асырылады. АӘК және ТҮК мәртебесіне ие азаматтарға арнайы жеңілдік туралы SMS-хабарлама жіберіледі, содан кейін олар "Әлеуметтік әмиян" арқылы жеңілдік ваучерін белсендіре алады.

"Жеңілдікті пайдалану үшін тұтынушы мекенжайдың есептік шотын көрсетуі жеткілікті. Үй құжаттарын (жекеменшік немесе жалға алу туралы) ұсыну талап етілмейді. Жеңілдік мөлшері газға есептелген соманың 24 пайызына дейін жетуі мүмкін және ол әкімдіктер бекіткен тұтыну нормаларына сәйкес беріледі. Мысалы, Шымкент қаласында айына 631 текше метр, Батыс Қазақстан облысында айына 833 текше метр газ тұтыну нормасы белгіленген. Бұл нормалар сыртқы ауаның орташа айлық температурасы, ғимараттың қуат тиімділігі және басқа да факторлар негізінде есептелген" – деді Демеу Сейтжанов.

Спикерлердің мәлімдеуінше, пилоттық жоба бес ай бойы іске асырылады және оның мақсаты – процессті цифрландыру арқылы өзге өңірлерге тарату. Бастама Қазақстан президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауы аясында жүзеге асуда. Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек тек шын мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс деп атап өткен болатын.

Жоба туралы толық ақпарат пен бейненұсқаулықты келесі байланыс арналары арқылы алуға болады:

  • Сенім желісі: 5169 (қысқа нөмір)
  • WhatsApp/Telegram: +7 771 546-83-90
  • Ресми сайт: aimaq.kz

Бұл жоба халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында маңызды қадам болмақ және мұқтаж азаматтарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары