"Бір адамға – 15 шаршы метр". Алматыда пәтерге тіркелуге шектеу қойылады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Алматыда тар пәтерге ондаған адамды тіркеуге тыйым салынуы мүмкін.

Алматыда тұрғындарды тіркеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Әкімдік әзірлеген заң жобасына сәйкес, бір адамға тұрғын үйдің кемінде 15 шаршы метрі тиесілі болуы мүмкін. Бұл бастама "резеңке пәтерлермен" күресуге бағытталған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ұсынылып отырған өзгеріске сәйкес, азаматтарды тұрғын үйдің аумағына қарай тіркеу тәртібі енгізілуі мүмкін. Яғни бір адамға кемінде 15 шаршы метрден есептеледі. Мысалы, тұрғын үйдің жалпы аумағы 60 шаршы метр болса, онда оған төрт адамға дейін тіркеуге мүмкіндік берілуі ықтимал.

Әкімдік бұл бастаманы ішкі көші-қонды шектеу емес, тіркеу есебінің дұрыстығын қамтамасыз ету және жалған тіркеудің алдын алу шарасы ретінде түсіндірді.

"Жоба ішкі көші-қонды шектеуге емес, тіркеу есебінің дұрыстығын қамтамасыз етуге және жалған тіркеудің, яғни «резеңке пәтерлердің» алдын алуға бағытталған", – деп хабарлады әкімдік.

Бұл ретте үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына мұндай шектеу қолданылмайды.

Жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы жалған тіркеумен күресуді қолдайды. Алайда тұрғындар санын шаршы метрге қарай тым қатаң шектеу азаматтардың кейбір мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіне әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Оның пікірінше, адам санына белгілі бір шектеу енгізілгенімен, бір бөлмелі пәтерге үш-төрт адамнан артық тіркеуге болмайды деген талап қою дұрыс емес.

"Адам көп, бірақ үй аз. Астанаға қарағанда Алматыдағы үй салу қарқыны екі есе төмен. Енді шектеу қоятын болса, 8-10 адамға дейін жасауға болады деп ойлаймын. Бірақ үш-төрт адам ғана, мысалы бір бөлмелі пәтерге үш-төрт тұрғын ғана тіркелетіндей істеуге болмайды", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, тіркеуге қатысты шектеу енгізілсе, баланы мектепке беру, тұрғын үй кезегіне тұру немесе мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысу кезінде қиындық туындауы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының Наурызбай ауданында бір бөлмелі пәтерде 990 адамның тіркелгені анықталған болатын.

Қазір ұсынылып отырған заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау