Ақтөбеде интернет алаяқтарының құрбаны болған 71 жастағы зейнеткер жалғыз баспанасынан айырылып, бір миллион теңге несиеге батқан. Қылмыскерлердің нұсқауымен қария кейін өзі де байқамай шетелдік есепшоттарға ақша аударған дропперге айналған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, бәрі өзін энергетика компаниясының қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның қоңырауынан басталған. Ол электр есептегішті ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген кодты сұратқан. Одан кейін қарияға өзін eGov қауіпсіздік қызметінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, оның атына бірнеше несие рәсімделіп жатқанын айтып қорқытқан.
Жәбірленушінің немересі Азамат Әбдірахимовтың айтуынша, алаяқтар зейнеткерге бір миллион теңге несие рәсімдетіп, ақшаны "қауіпсіз есепшотқа" аударуды тапсырған. Терминалды пайдалана алмайтынын айтқан қарияға белгісіз бір адам жіберіліп, екеуі ақшаны терминал арқылы аударған.
Алайда мұнымен алаяқтардың әрекеті тоқтамаған. Туыстарының сөзінше, қылмыскерлер небәрі екі сағаттың ішінде қарияның екі бөлмелі пәтерін сатып, сатудан түскен қаржыны өздеріне аудартқан. Кейін зейнеткерге ішінде 6 миллион теңге бар сөмке жеткізіліп, оны долларға айырбастап, Грузиядағы есепшоттарға аударуға мәжбүрлеген. Осылайша, өзі де байқамай дроппер ретінде пайдаланылған.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыровтың айтуынша, 1414-тен келген кодты айтып қойғанның өзінде алаяқтар бірден ақшаңызды иемдене алмайды. Ең қауіпті кезең – одан кейін өзін ҰҚК немесе басқа мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, банкке баруға немесе ақша аударуға көндіретін қоңыраулар.
Полиция құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан WhatsApp арқылы хабарласпайтынын ескертіп, азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауымен несие рәсімдемеуге және ақша аудармауға шақырды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау және ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында жыл басынан бері 494 адам интернет алаяқтарының құрбаны болған.