Жамағаттан ақша жинауға мәжбүрледі деп айып тағылған Шардараның бас имамы қызметтен кетті

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Тағылған айыптарға байланысты тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған.

Түркістан облысы Шардара ауданындағы мешіттің азаншысы Жүніс Сартаев ауданның бас имамы Марат Асановты айыптаған видеожазбасы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі мәлімдеме жасап, имамның қызметтен кеткенін хабарлады. 

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, аталған жағдайды әділ әрі объективті түрде қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов қызметінен босату туралы өтініш бергеніне байланысты, 2025 жылдың 6 қазанынан бастап қызметінен босатылды", – делінген ресми хабарламада. 

Мешіт азаншысы Жүніс Сартаев бас имам Марат Асановтың өз міндетін адал атқармайтынын және жамағат алдында сөз сөйлемейтінін, сондай-ақ, намаз жүргізбейтінін айтып, айыптаған еді. Оның сөзінше, бас имам мешіт қызметкерлерін коммуналдық төлемдер үшін жамағаттан ақша жинауға мәжбүрлеген.  

Серіктестер жаңалықтары