Жаңа жыл түні Түркістан облысы Кентаудағы жарылыстан көз жұмған 18 жастағы қыздың туыстары кәсіпкерді қатаң жазалауды сұрап отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қара жамылған отбасы қымызханадағы дүмпуге өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп дейді. Көпқабатты үйдің астындағы қоғамдық тамақтану орнында жаңажылдық демалыста жарылыс болып, бес адам күйіп қалған болатын. Сол жерде жұмыс істеген Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақаттан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Денесін күйік шалған төрт науқас қазір ауруханада емделіп жатыр.
Қыршын кеткен марқұмның жақындары түнгі он екіде оны алып кетуге барғандарын айтады. Алайда, жұмыс қызып жатыр деген себеппен кассада тұрған бойжеткенді басшылық жібермепті.
"Мамасы мен сіңлісі тамақ алып барғанда газдың шығып тұрғанын ескерткен. Мына жерде газдың иісі шығып тұр деп айтқан. Одан кейін сол жерде бір емес бірнеше адам ескерткен. Газдың иісі қатты шығып тұр деп. Тек ақшаға құнығып кеткен. Сол иесінің техникалық қауіпсіздікті сақтамағанының кесірінен осындай қайғы жұтып отырмыз отбасымызбен", – деді марқұмның туысы Гүлжамал Сержанова.
Марқұм бұл жұмысқа бір ай бұрын ғана орналасқан екен. Екінші курс студенті жер қойнына тапсырған жақындары кінәлілер жазасыз қалмаса дейді.
"Алдын алу керек еді. Осы жағдай болғаннан кейін ғана облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері тексерісті енді бастап жатыр. Бәрі сыбайлас болған ба?! Неге жұмыс жасамаған осы уақытқа дейін? Сол бізді күйіндіріп бара жатқан. Міндетті түрде адам өлу керек пе сонда? Біз кешіре алмаймыз. Тиісті адамдар тиісті жазасын алу керек", – деді марқұмның туысы Жандос Аймұрзаев.
Күлі көкке ұшқан қоғамдық тамақтану орнының аумағы қазір түгелдей темір тормен қоршалып, ғимараттың өртенген жерін көрсетпей жауып тастаған екен. Алайда, жарылыстың болғанын жоғарыдағы пәтерлердің сынған терезелерінен байқауға болады. Дүмпуден денесін күйік шалған тағы төрт жігіт қазір ауруханада жатыр. Екеуі жансақтау бөлімінде емделіп жатыр.
"Терезелері сынған. Барлығының жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішінара клёнкамен қаптаған жерлерін бәрін істеп жатырмыз. Газ баллон жарылған. Қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан болып тұр. Іс қозғалды", – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы.
Облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Әкімдіктегілер зақым келген үйлерді қалыпқа келтіреміз деп отыр.
USD:
511.5 / 514.9
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.23 / 6.43