ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Үкіметтің төтенше резервінен Қостанай облысында ауқымды су тасқыны салдарынан зақымдалған электр беру желілерін қалпына келтіруге 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жөндеу жұмыстары Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында жүргізіледі, бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл 27 наурызда өзендер мен су айдындарындағы су деңгейінің бірден көтерілуіне байланысты Қостанай облысының оңтүстік аудандары су астында қалды. Соның салдарынан әуедегі электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың тіректері астындағы топырақ шайылып кетті. Бұл олардың зақымдалуына және 37 елді мекеннің тұрғындарын электрмен жабдықтауды шектеуге әкелді. Техникалық тексеріс қорытындысы бойынша 989 зақымдалған тірек анықталған.
"Бүгінде барлық ірі елді мекенде электрмен жабдықтау уақытша схема бойынша қалпына келтірілді. Жөндеу бригадалары су тасқынының салдарын мүмкіндігінше тез жою үшін жұмысты жалғастырып жатыр", – делінген хабарламада.