Тікелей эфир

Шығыс Қазақстан облысында Қалжыр өзенін ластағандар жауапқа тартылды

Мемлекет басшысы Қалжыр өзеніне қатысты облыс әкімі мен экология министріне тапсырма берген болатын.

Экология министрлігінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің ластану фактісі бойынша тексеру жүргізді.

Биылғы мамыр айында Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты "Шандыбұлақ" учаскесінде жүргізілген рейдтік шаралар барысында Күршім аудандық полиция бөлімі жеке кәсіпкер Сергей Хванның рұқсат құжаттарынсыз алтынды өз еркімен өндіру фактісі анықталған.

"С.А. Хван" жеке кәсіпкер өкілдері сот қаулысын орындау үшін Қалжыр өзенінің арнасы мен және жайылмалы бөлігіндегі, сондай-ақ Шандыбұлақ бұлағындағы заңсыз салынған бөгеттер мен тоғандарды бұзған. Соның әсерінен Қалжыр өзенінің негізгі арнасына түскен ұсақ құмды топырақ оның едәуір аумағын ластаған. Лай тұнбалы лас су өзен ағысымен біршама қашықтыққа жайылып, 53,3 мг/м3 дейінгі қалқыма заттармен ластануға әкелген.


Оқи отырыңыз: Атыраудағы Жайық өзені тартылып барады


Қалжыр өзенінің одан әрі ластануына жол бермеу үшін экология департаментінің инспекторлары заңсыз құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарын тоқтатты. Аталған жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеу ұсынылды.

"Бүгінгі күні табиғи суларды сынау хаттамаларына сәйкес зиян шеккен су айдынындағы ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жер үсті суларының сапасы қалпына келтірілді", – делінген ресми хабарламада.

Алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей объектілерді өз бетінше салғаны үшін Күршім ауданының № 2 аудандық соты мен ШҚО Экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндірушілекке берілген  лицензиялары кері қайтарылды.

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтардың салдарын жою мақсатында "Хван" ЖК ремедиация бағдарламасын бекітті, оған сәйкес биылғы жылғы қарашаға дейін Қалжыр өзенінің гидрологиялық режимін және тау ландшафтын қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды орындау қажет.

Серіктестер жаңалықтары