Тікелей эфир

Атыраудағы Жайық өзені тартылып барады

Өзендегі су мөлшерінің тым аздығынан балығы қырылып жатыр.

Өзеннің кей тұсының суы қазір тіпті тобықтан ғана келеді. Қаладан 25 шақырым жерде өзен арнасы мүлде кеуіп кеткен. Мұны көрген елде үрей пайда болды. Өйткені атыраулықтар ауыз суды Жайықтан ішеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.  

Өзендегі су мөлшерінің тым аздығынан балығы қырылып, өңірдегі бүкіл шаруашылықтар зардап шегіп жатыр. Су көзін қорғауға байланысты мемлекетаралық келісім де бар. Бірақ белсенділер бұл жұмыс мардымсыз, дейді.

"Соңғы 15 жылда 3 есе азайған. Бұған басты себеп мемлекетаралық келісімдер жүзеге аспай жатыр. Жылда мемлекетаралық комиссияның да жұмысы белгісіз. Қандай талаптар қойылды, қандай жұмыстар жасалуы керек, қандай мәмілеге келді, ешқандай ақпарат жоқ", – дейді қоғам белсендісі Арман Хайруллин. 

Алайда экология министрлігі бұл қалыпты құбылыс, өзендегі судың азайып көбеюіне жел әсер етеді, деп отыр. 

"Желдің бағытына байланысты. Егер де желдің бағыты теңізге қарай соғатын болса, сәйкесінше судың бағытын теңізге қарай қуып шығады. Соған сәйкес барлық жерде судың деңгейінің төмендеуі байқалады", – деді "Жайық-Каспий" бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин. 

Сондай-ақ, өзенге келетін судың 80 пайызы көктемгі уақытта ағып өтеді. Ал жаз айларынан бастап деңгейі төмендейді. Яғни бұл уақыттарда жаңбырдың суына тәуелді боп қалады, дейді мамандар. Атыраулықтар арасында Ресей елі су жібермей отыр деген күдікті инспекция мамандары жоққа шығарды. Айтуларынша, 1996 жылғы екі елдің келісімі өзгермеген.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары