Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігін қайта құру аяқталды. Үкімет тиісті қаулы қабылдады, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
"Енді Оқу-ағарту министрлігінің құзырына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кіреді. Министрліктің қарамағында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету мәселелері де бар", – деп жазды министр.
Ал жоғары білім және ғылым мәселелерімененді Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мұғалімдер күніне екі-ақ құжат толтыруы керек
Асхат Аймағамбетов Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жұмысына сенім білдірді.
"Саясат Нұрбекұлының мол тәжірибесі, білімі мен жоғары кәсібилігі министрлік жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұған дейін әріптесім Білім және ғылым министрлігі жанындағы жұмыс топтарының құрамында болып, осы салалардың көркейіп, дамуына септігін тигізген маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосты. Әріптестеріме қазақстандық ғылым мен жоғары білімді елімізде және шет елдерде дамыту үшін алға қойған барлық жоспар мен жобаны жүзеге асыруға тілектеспін!", – деп жазды министр.