ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің Jauhar ұлттық музыка жобасын көпшілікке таныстырды.
Jauhar жобасының мақсаты – ұлттық музыканың тұрақты заманауи платформасын қалыптастырып, дәстүрлі ән-күй мектептерін жастар арасында кең тарату. Жоба аясында еліміздің ұлттық музыка мектептерін толығымен қамту жоспарланған. Jauhar жобасының алғашқы кезеңінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау көзделді. Осы ретте жобаға Амандық Көмекұлы, Ұзақбай Сахиев, Жеткізген Сейітов, Ахмет Байекешов, Арғын Бисенұлы, Аманбек Сәуірбаев, Оңдасын Қалқан, Оспан Құлсымақов, Ризабек Серік, Бақдәулет Толыбекұлы секілді 10 жыршы қатысып, Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым, Аралбай және тағы басқа ақын-жыраулардың шығармалары орындалды.
"Ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағы – дәстүрлі ән-күй мектептерінде жатыр. Осы рухани байлығымызды қазіргі замандық медиа мүмкіндіктеріне икемдеп, заманауи дыбыс және видеотүсірілім ұйымдастырдық, бұл жұмысқа отандық үздік мамандарды тарттық. Бұл сапалы контент жас буынның ұлттық музыкаға деген оң көзқарасын қалыптастырады деп сенеміз", – деді жоба продюсері Тоғжан Құрманжанқызы.
Jauhar жобасының алғашқы маусымы 10 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір жыршының шығармашылығын қамтиды, хронометражы 35-40 минут. Жыл аяғына дейін барлық музыкалық стримингтік платформаларда 10 музыкалық альбом жарияланып, тегін тыңдау мүмкіндігі қоса беріледі.
"Ұлттық музыкамыздың тұрақты платформасын қалыптастыру арқылы біз өз деңгейімізде өнеріміздің түрленуіне, дамуына жол ашпақпыз. Халықтың рухани мұрасы цифрлы әлемде мол қорын жасақтап, өз орнын иеленгенде ғана болашаққа батыл көш түзейді. Сондықтан да жылдарға созылатын бұл жобамыз жыршылық, күйшілік мектептердің жас тыңдарманын арттырып, соны серпін береріне сенімдіміз", – деді ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай.
Jauhar ұлттық музыка жобасы Youtube платформасындағы Jauhar live арнасында ұсынылады.
ÖzgeEpic өнер кеңістігі бұған дейін заманауи қазақ музыкасын дамытуға бағытталған Jangyryq жобасын жарыққа шығарды.