Өткенге оралуға еліміздің жастары жол бермейді – Тоқаев саяси реформа жүргізудегі кедергілер жайында

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Қазақстан қоғамы аз уақыт ішінде іргелі өзгерістерді бастан өткерді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған "Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы" атты ғылыми-практикалық конференцияда 2019 жылдан бергі жүргізілген саяси реформа кедергілерге тап болғанымен, оның дұрыс болғанына уақыттың өзі дәлел екенін айтты.

"2019 жылдан бері біз кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіп, саяси жүйені дәйекті түрде жаңғырттық. Осы залда отырған азаматтардың көбі сол үлкен өзгерістердің бел ортасында жүрді. Ашығын айтқанда, біз біршама кедергіге тап болдық. Саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларымызға күмәнмен қарады, тіпті қабылдай алмады. Бүгінде біз таңдаған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Бұл елімізді өркениетті қоғам құру жолына бастайды. 2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастарды. Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерген. 

"Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді", – деді мемлекет басшысы. 

Серіктестер жаңалықтары