Маңғыстау облысындағы шаруалар қысқа дайын емес. Олар қуаңшылық пен қымбатшылықтың кесірінен мал азығын толық қамдап үлгермеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Маңғыстаулық шаруаларды алаңдатып отырғаны – қыс ұзаққа созылып, қатты суық болады деген болжам. Бұл болжамды этнограф Болат Бопайұлы қуаттап отыр. Оның айтуынша, қытымыр аяз ақпанда қаһарына мінуі мүмкін.
"Оңтүстікте биыл әліге дейін күн жылы болып тұр. Соған қарағанда суық мамырға не тіпті маусымға дейін де сақталуы мүмкін. Маусымда зауза деген амал бар. Ол маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Бұл – жуанның жіңішкеріп, жіңішкені үзілетін уақыты. Осы кезде мал қырылып қалуы мүмкін", – дейді этнограф.
Ал Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, дәл қазіргі уақытта қысқы қорда 70 мыңға жуық тонна шөп, 40 мың тоннадан астам жем жиналған. Базаларда жиналған қор шаруаларға сатылады. Осылайша мал азығына үкіметтен бөлінген 2,1 миллиард теңге қаражат қайта айналымға түседі.
Алайда қоғам белсендісі Жәнбек Қожық өңірде төтенше жағдай жарияланбай, мәселе шешілмейтінін айтып отыр.
"Бізде төтенше жағдайды мал жаппай қырылып қалған кезде жариялайды. Бірақ, ол кезде тым кеш болады", – дейді ол.