
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы мектеп асханасында жұмыс істеген 4 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі. Асханада оқушыларға тамақ әзірлеген төрт жұмысшы медициналық тексеруден өтпестен жұмыс істеген.
"4 азаматқа қатысты сот үкімі желтоқсан айында жарияланды. Оның біріне 40 айлық есептік көрсеткіш, қалған үш азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді", – деді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.
Басылымның жазуынша, сотта олар жалған медициналық қорытындыны 5 мың теңгеге сатып алғанын айтқан. Жалған құжатта медициналық тексеру, флюрография, дерматологиялық тексеру және бактериологиялық зерттеуден өтіп, жұмысқа жарамды екені жазылған.
Айыпталушылардың біріне 148 мың теңге, қалған үшеуіне 74 мың теңгеден айыппұл салынды.
Еске салайық, қыркүйекте Бесшоқы ауылындағы мектептің 500-ге жуық оқушысы астан уланған болатын. Олардың бәрі ауруханаға түсіп, жазылып шықты.
Тексерулер нәтижесінде мектеп асханасында санитарлық талаптар сақталмаған болып шықты. Аспаздан бастап, өзге де жұмысшылардан стафилококк бактериясы табылған.
Оқи отырыңыз:
- "460 бала уланды": Маңғыстау мектебіндегі жағдай Үкімет басшысының назарында
- Маңғыстауда оқушылардың жаппай улануы: Өңірде 171 білім мекемесіне тәртіптік жаза қолданылған