Тікелей эфир

Маңғыстауда оқушылардың жаппай улануы: Өңірде 171 білім мекемесіне тәртіптік жаза қолданылған

Жыл басынан бері Қазақстанда астан жаппай уланудың 16 жағдайы тіркелген, 12 қылмыстық іс қозғалған.

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Маңғыстау облысында биыл қыркүйекте болған астан жаппай улану оқиғасына қатысты мәліметтер берді. 

Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты келеңсіз оқиға болған мектеп директоры жұмыстан шығарылып, тамақ жеткізушісімен келісімшарт бұзылды. Ішкі істер органдары улану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

"Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Дегенмен, Маңғыстау облысында балалардың сапалы тамақтануы бойынша құқық бұзғаны үшін 171 жалпы білім беру мекемесінің әкімшілігіне тәртіптік жаза қолданылды", – деп жауап берді Серік Жұманғарин. 


Оқи отырыңыз: "460 бала уланды": Маңғыстау мектебіндегі жағдай Үкімет басшысының назарында


Үкімет өкілінің айтуынша, мектептегі тамақтану сапасына мониторинг жүргізу мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы апта сайын нәтижелерді тыңдап, тиісті шаралар қабылдап жатыр. 

"Республика өңірлерінде құрылған тамақтану сапасын бақылау жөніндегі 222 ведомствоаралық сараптамалық топ комиссиялар қызметіне жүйелі мониторинг жүргізуде. Мониторинг 6 382 мектеп асханасын қамтыды. Биылғы 9 ай бойынша бақылау объектілерінде тамақтан жаппай уланудың 16 жағдайы тіркелді. Зардап шеккендердің жалпы саны – 722, оның ішінде балалар – 581 (80,5%). Аталған фактілер бойынша материалдар қылмыстық қудалау органдарына берілді, 12 қылмыстық іс қозғалды. 

Серіктестер жаңалықтары