Тікелей эфир

"Ересектер дертке шалдығып, балалардың үстін жара басқан". Жұрт Қызылорда облысындағы зауытқа шағымданды

Өндіріс орнынан шығатын химиялық қоспалардың улы иісінен ересектер жаппай демікпемен ауырып, балалардың үстіне жара қаптаған.

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тұрғындар жиі дертке шалдығады. Оның себебін тыңайтқыш шығаратын зауыттан көріп отыр. Өндіріс орнынан шығатын химиялық қоспалардың улы иісінен ересектер жаппай демікпемен ауырып, балалардың үстіне жара қаптаған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі. 

Ауылда аурудың асқынғанын өндіріс орнының кесірінен деп есептейтін тұрғындар "Агрохимсервис-С" компаниясының алдына жиналды. Олардың айтуынша, мерзіммен жұмыс істейтін зауыттан күндіз-түні химиялық қоспалардың шаңы бұрқырап шығады. 

Айналасын алып кететін мүңкіген иістен демалу мүмкін емес дейді көпшілік. Химиялық тозаңға тұншыққан тұрғындар бұдан демікпеге шалдығып, аллергияның асқынғанын айтады. 

"Балаларға жара шығып, мына жерден көшіп кетіп жатыр. Мінекей, қышымамыз. Үстіміздің бәрі аллергия. Осының бәрі осы удан", – дейді тұрғын Мәриямгүл Ахметова. 

Көпшілік зауыттың бұдан бөлек те елге тигізген зияны көп дейді. Мәселен, өндіріс орны жұмыс істейтін мерзімде облыстың түкпір-түкпірінен тыңайтқыш алуға жүк көліктері осында ағылады. Ал ауыр салмақты техникалар зауыт айналасындағы көшелерді әбден тоздырған. 

"Зауыт істеп жатқанда шаң көтеріліп тұрады. Шаң көтерілгенде қолқаңды басады. Қазір бронхит болдым", – дейді ауыл тұрғыны Сұлтанғали Жараспаев.  

Бұл мәселеге байланысты кәсіпорын басшыларымен тілдесу мүмкін болмады. Өйткені зауыт ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтар түсірілім тобы келгенде қақпаны құлыптап қойған. 

Аудан әкімдігіндегілер де тұрғындар шағымынан бейхабар екенін айтып, жауап беруден жалтарған. Ал кәсіпкерлік басқармасындағылар өндіріс орнының адамға немесе табиғатқа аса қатты зияны жоқ деп отыр. 

"4-класс қауіпсіз мекеме болып есептеледі. Ол жерде күрделі химия процесі жүрмейді. Тек ұнтақты гранулаға айналдырады", – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ринат Сұлтангереев. 

Оның айтуынша, әзірше тұрғындардан жазбаша шағым түспеген. Бірақ жақын арада кәсіпорын жұмысы тексеріледі. 

Серіктестер жаңалықтары