Астана қаласындағы мектептердің бірінде оқушы қыздар арасында төбелес болып, оқиға әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Видеода жасөспірімдердің бір-бірінің жағасынан алып, шаш жұлысқан сәттері түсірілген. Бұл жағдай ата-аналардың алаңдаушылығын тудырды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп әкімшілігі жанжалды толыққанды тексерудің орнына, оқиға видеосын өшіруге тырысқан. Олар білім ордасының әрекетіне күмән келтіріп отыр.
Алайда мектеп басшылығы бұл айыптауларды жоққа шығарды. Олардың мәліметінше, төбелес 23 қаңтар күні 8-сынып оқушылары арасында болған. Оқиға мектептің дәретханасында небәрі бір жарым минутқа созылып, мұғалімдер жедел түрде араласқан.
Мектеп әкімшілігі оқиға бойынша тиісті органдарға, соның ішінде полиция, прокуратура және білім басқармасына ресми түрде хабар берілгенін мәлімдеді. Қақтығысқа қатысқан оқушылар есепке алынып, олардың ата-аналарына әкімшілік айыппұл салынған.
Қазіргі уақытта аталған сынып тәуекел тобына енгізіліп, оқушылармен жеке тәлімгерлер жұмыс жүргізіп жатыр.
№36 мектептің директоры Гүлжан Бапанова ата-аналар тарапынан ресми шағым түспегенін айтты.
"Қаңтар айынан бері жоғары тұрған ұйымдарға шағымдануға толық мүмкіндік болды. Ата-аналар бұл жағдайдың мән-жайын да, біздің тарапымыздан атқарылып жатқан жұмыстарды да жақсы біледі", – деді мектеп директоры.
USD:
464.1 / 466.9
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13