Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астанадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауды күшейтеді. Мұндай шешім мемлекеттік органдар мен құрылыс саласының өкілдері қатысқан кеңесте қабылданды.
Елордада мұнаралы крандардың құлауына байланысты екі жазатайым оқиға тіркелген. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алған. Қазір әр оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс компанияларына еңбек қауіпсіздігі талаптарына формалды қарауға болмайтынын ескертті.
"Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды", – деді Ербол Тұяқбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды.
Егер еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталса, тиісті материалдар мемлекеттік органдарға жолданып, заңда көзделген шаралар қабылданады.