Алматы қаласының Наурызбай ауданында таулы аймақта сел жүру қаупіне байланысты тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Сел қаупінің күшеюіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойындағы аумақтан тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде. Олар уақытша аудан мектептерінің базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр.
"Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылды. Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде, жағдай толық бақылауда", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды. Қазіргі уақытта оған төрт қоңырау келіп түскен.
Бұған дейін Алматы тұрғындарына шұғыл эвакуация туралы хабарлама жіберілген болатын. Синоптиктердің болжамынша, таулы аймақтарда қатты жауын-шашын күтіледі. Соның салдарынан сел жүру қаупі туындауы мүмкін.
Алматы тұрғындары шұғыл эвакуация жөнінде хабарлама алды. ТЖМ не дейді