Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында болған іркілістерге байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түсініктеме берді. Ведомство қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, алайда платформаның барлық компоненті Қазақстанда орналаспағанын мәлімдеді.
"Яндекс" сервистерінің жұмысындағы іркілістер азаматтардың күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туғызды. Қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік серверлердің Қазақстанда орналасуы бүкіл платформаның ел ішінде толық автономды жұмыс істейтінін білдірмейтінін атап өтті. Такси шақыру және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.
Ведомствоның мәліметінше, деректерді ел аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – екі бөлек міндет. Сервистердің тұрақты жұмыс істеуі пайдаланушылар үшін маңызды болғандықтан, бұл бағытта кешенді шешімдер қажет.
Қазір "Яндекс" мамандары сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылым ұйымдарымен бірлесіп, қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Сонымен қатар жүктеме артқан жағдайда қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін басқа такси және жеткізу платформаларымен де жұмыс жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, жексенбі күні Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған қызметтері қолжетімсіз болды. «Яндекс Go» баспасөз қызметі техникалық мамандардың сервистерді қалпына келтіріп жатқанын хабарлаған.
Бұған дейін Ресейдегі "Яндекс" деректер орталығына жасалған жаңа шабуылдан кейін Мәскеу мен Санкт-Петербургті қоса алғанда, елдің ірі қалаларында такси шақыру мүмкін болмай қалғаны хабарланған еді. Беларусь пен Арменияда да қосымшаның жұмысында ақаулар байқалған.