Ақтөбедегі "Болашақ" колледжінің студенттері мен ата-аналары оқу ақысының күрт қымбаттауына наразы. Жаңа оқу жылында төлем 370 мың теңгеден 550 мың теңгеге дейін өскен. Ата-аналар мұндай соманы төлеу қиын екенін айтып, колледж басшылығынан шешімді қайта қарауды талап етті, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Олардың сөзінше, оқу ақысының көтерілетіні туралы алдын ала ескерту болмаған. Әсіресе көпбалалы отбасыларға жаңа төлем ауыртпалық түсірген. Ата-аналардың бірі Жансая Дауылбаева қызының колледжге түскен кезде жылына 300 мың теңге төлегенін, екінші курста бұл сома 370 мың теңгеге жеткенін айтты.
"Колледжде қызым оқиды. Бірінші курсқа түскенде 300 мың теңгемен түстік. Екінші курста 370 мың теңге төледік. Енді үшінші курста 550 мың теңге болып тұр. 180 мың теңгеге көтеріп жатыр. Бұл бізге қиын. Жалғыз бала оқымайды, көпбалалы анамын", – деді ол.
Жекеменшік колледжде студенттер "Мейіргер ісі" мамандығы бойынша білім алады. Болашақта медицина саласында жұмыс істеуді жоспарлаған жастар оқу ақысының бірден өсуіне және шешімнің алдын ала түсіндірілмегеніне наразы.
Студент Фарида Сәтікованың айтуынша, басқа оқу орнына ауысқысы келетіндер құжаттарын алу кезінде де қиындыққа тап болуы мүмкін. Оның сөзінше, колледжден ауысу үшін биылғы оқу ақысының жартысын, яғни 275 мың теңге төлеу талап етілген.
Ал студент Динара Қойшығұлованың айтуынша, оқу ақысының көтерілетіні туралы ресми хабарлама немесе қосымша келісім берілмеген.
"Неге көтерілді десек, жабдықтар мен басқа да материалдар алу, мұғалімдердің жалақысын көтеру, инфляция себеп болып отыр дейді. Бірақ инфляция 9,8 пайыз болса, бізде оқу ақысы 93 пайызға өсті", – деді ол.
Студенттер мен ата-аналардың айтуынша, колледж басшылығының "келіспесеңдер, кетіңдер" деген сөзі де олардың наразылығын күшейткен. Колледж әкімшілігі оқу ақысының көтерілгенін растады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Омарова мұны нарықтағы жағдаймен және оқу орнының шығындарымен түсіндірді.
"Қазіргі нарықтық заманға байланысты. Біз жекеменшік колледж болғандықтан, өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз. Студенттер оқу орнына түскен кезде оларға екі тілде келісімшарт береміз. Онда тиісті тармақтар көрсетілген", – деді ол.
Колледжде шамамен 1500 студент білім алады. Жаңа оқу жылында 600-ге жуық студент қабылданған. Ата-аналар мен студенттер оқу ақысының өсуіне қатысты мәселе қайта қаралмаса, тиісті министрлікке шағымданатынын мәлімдеді.